ЕрекшеЖаңалықтарЭкономика

Несие сұраған студенттердің енді шәкіртақысы тексеріледі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сенаторлардың микронесие беру жасын 21 жасқа дейін ұлғайту туралы бастамасына жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Агенттік басшысының айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес елімізде 18-21 жас аралығындағы 847 430 адам тұрады. Мемлекеттік кредиттік бюроның деректеріне қазір 136 239 жас адам (18-21 жас аралығындағы) микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) қарыз алушылары. Олардың ішінде 18 638 (13,7%) адамның 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар.

Агенттік проблемалық берешек деңгейін азайту үшін 52 МҚҰ-ға кредит беру бойынша лимиттерді қайта қарау, қарыз алушыларды бағалау процесіне өзгерістер енгізу арқылы дефолт деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды қабылдау қажеттілігі туралы хаттар жолдаған.

«Бұдан басқа, 20 жасқа толмаған адамдардың борыш жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін жақын арада №215 қаулымен жиырма жасқа толмаған қарыз алушылардың кірісі жұмыс орнынан кірістер туралы анықтама және оқу орнынан алынатын стипендия мөлшері туралы анықтама негізінде айқындалатын талап көзделетін болады, яғни, борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде тек ресми кіріс көздері ескеріледі. Бұл шаралар 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы проблемалық борыштардың деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде», – дейді Әбілқасымова.

Еске сала кетейік, бұған дейін сенаторлар онлайн және офлайн форматта берілетін микрокредиттердің 18 жастан бастап, ешқандай қосымша тексерусіз және несие тарихына қарамастан рәсімделуін тоқтату қажет деген еді. Олардың айтуынша, несиені рәсімдеудің ең төменгі жасын 21-ге дейін көтеріп, осы жас санатындағы азаматтардың табысын, шығынын, тұрақты кірісінің бар-жоғын, қаржылық мінез-құлқын жан-жақты бағалайтын күшейтілген тексеру механизмін енгізу маңызды.

Back to top button