ЕрекшеЖаңалықтар

Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі. Оның сөздерін Ақорда таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

Тоқаевтың сөзінше, бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болған.

“Баршаңызға құтты болсын деймін. Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы. Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес. Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды», – дейді Тоқаев.

Президент 1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата заңы бекітілгенін, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалғанын атап өткен.

“Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осыған орай, арнайы кеңес құрылды, оған бір топ белгілі отандық заңгер мүше болып, белсенді жұмыс жүргізді. Шетелден шақырылған сарапшылар да осы маңызды іске атсалысты. Ата заңымыздың жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды», – деген Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, елімізде «Республикалық референдум туралы» заң ширек ғасыр бұрын қабылданған. Бірақ осы кезге дейін бірқатар себеппен бүкіл халық өзекті мәселелер бойынша дауыс бермеген. Ал азаматтарымыз ел тағдырына қатысты әр мәселеге өз ой-пікірін, көзқарасын ашық білдіргісі келған. Қоғамымызда дәл осындай сұраныс болған.

“Сондықтан референдум өткізу туралы бастамаға барша халық бірауыздан қолдау көрсетті. Жұртымыз Конституцияға енгізілген түзетулерді зор құлшыныспен жақтап, дауыс берді. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституция бабы нақты жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздағы саяси үрдіске зор серпін берді. Енді еліміздегі барлық маңызды шешімдерді бір ел болып талқылап, бірге қабылдайтын болдық. Былтыр Атом электр стансасын салуға қатысты өткен референдум – соның айқын дәлелі”, – дейді президент.

Back to top button