Ерекше

“Наурыз” ипотекалық бағдарламасына қашан өтінім беруге болады

Қазақстанда «Наурыз» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау мерзімі бір айға жетпей аяқталады, деп хабарлайды Tizgin.kz КазТАГ-ға сілтеме жасап.

БАҒДАРЛАМАҒА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, өтінімдер 2025 жылдың 3 қарашасынан 1 желтоқсанға дейін қабылданады. Бағдарлама азаматтарға өз баспанасын тиімді шарттармен сатып алу мүмкіндігін ұсынады.

Бағдарламаға «Отбасы банкінің» салымшылары, сондай-ақ жинақ шотында кемінде 2 миллион теңге көлемінде қаржысы бар және соңғы бес жыл көлемінде (отбасы мүшелерін қоса алғанда) үйі болмаған адамдар қатыса алады.

«Өтінім қабылдау толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады. Бұл үшін қатысушылар Baspana Market платформасындағы жеке кабинеттеріне кіріп, өтінім толтырып, нәтижесін күтуі қажет. Өтінім беру жөніндегі толық нұсқаулық банктың ресми парақшасындағы «Наурыз» бөлімі мен өзекті стористерінде жарияланған. Бағдарлама шарттарына сәйкес, бастапқы жарна мөлшері таза әрлеуі бар жаңа тұрғын үй сатып алғанда – кемінде 10%, ал әрлеусіз немесе екінші нарықтағы баспана үшін – 20% көлемінде белгіленген. Пайыздық мөлшерлеме әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 7% (ЖТСМ 7,1%), ал өзге қатысушылар үшін 9% (ЖТСМ 9,4%) деңгейінде бекітілген», – делінген хабарламада.

АУЫЛДА ТҰРАТЫНДАР НЕ ІСТЕЙДІ

Қаржыландырудың ең жоғары сомасы өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін, ал Астана мен Алматы қалаларында – 36 миллион теңгеге дейін. Несиелеу мерзімі – 19 жылға дейін.

Бағдарлама аясында баспана Астана, Алматы және облыс орталықтарындағы жаңа тұрғын үй кешендерінен сатып алынады. Ал моноқалалар мен елді мекен тұрғындарына тұрғын үйді бастапқы немесе екінші нарықтан алу мүмкіндігі қарастырылған.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, барлық жылжымайтын мүлік нысандары Baspana Market порталы арқылы таңдалады.

Back to top button