Ерекше

Мыңдаған қазақстандық баспана кезегінен шығарылуы мүмкін

Қазір Қазақстанда мемлекеттен баспана алуға кезекте 642 мың адам тұр. Алайда солардың тек 14%-ы ғана өз деректерін жаңартып, тұрғын үй алуға құқығын растай алған, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ДЕРЕКТЕРДЕ АЙЫРМАШЫЛЫҚ КӨП

Бұл туралы «Отбасы» банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. 

«642 мың кезектің деректерін алған кезде, біз инвентаризация жүргізілмегенін іштей күттік. Тізімдер тек аты-жөні мен ЖСН бойынша берілген. Бірақ мәселе әлдеқайда терең болып шықты. Бізде кезектегі азаматтардың өзекті телефон нөмірлері жоқ. Тіркеу мекенжайы дұрыс емес, отбасы құрамы сәйкес келмейді және тағы басқа деректерде үлкен айырмашылықтар бар», – деді ол.

Осыған байланысты «Отбасы» банк мемлекеттен баспана алуға үміттілер мәліметтерін жаңарту науқанын бастаған. Мақсат сол, шынымен мұқтаж тұрғындардың ғана кезекте қалуын қамтамасыз ету.

«Біз төрт айдан бері деректерді нақтылау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сол кезде кезектегілердің едәуір бөлігі келісім беруден бас тартатыны белгілі болды. Өйткені олардың көбісі мемлекеттік қолдау шараларына сәйкес келмейтінін біледі. 2025 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша, бар болғаны 14% — 642 мыңның ішінен 92 092 адам ғана келісім берді», – деді Ибрагимова.

ҚОЛДАНЫСТАҒЫ ЖҮЙЕНІҢ КЕМШІЛІГІ

Оның айтуынша, кезекте тұрғандардың едәуір бөлігі қазір әскери қызметші, мемлекеттік қызметкер немесе өзге де жеңілдік алушы санатына сай келмейді. Бұған қоса, көпшілігінің балалары ер жеткен, ал кей отбасыларда біреу баспана сатып алған.

«Өздеріне оң жауап келмейтінін олар да түсініп отыр», – деді ол.

Алайда қолданыстағы жүйе мұндай азаматтарды кезектен шығаруға мүмкіндік бермей, шын мұқтаждарға үй беруді тежеп отырған көрінеді. Ибрагимованың айтуынша, деректерді жаңартуға келісім бермейтіндер бүкіл жүйенің жұмысын баяулатып, тұрғын үй бөлу процесін тұралатып қойған. Мысалы, жүйе 2008 жылғы кезектегі азаматтарға өте алмай отыр, себебі алдымен 2007 жылғы тізім толық реттелуі тиіс.

«8 желтоқсаннан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бұйрығына өзгерістер енгізілді. Егер адам жалға берілетін тұрғын үй бойынша жеке деректерін өңдеуге келісім бермесе, жүйе 2007 жылғы кезектен бірден 2008 жылға өтеді. Олай болмаған жағдайда, [мемлекеттік тұрғын үйді] үлестіру процесі жылдар бойы созылар еді», – деді ол.

Back to top button