ЕрекшеЖаңалықтар

Халқымыз атом қаруын сынаудан қатты зардап шекті. Мұндай қасірет қайталанбауға тиіс – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің X парақшасында кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін бейбітшілікті нығайтуымыз керек деп жазды, деп хабарлайды деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.

“Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Бұл атаулы күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен бекітті. Халқымыз атом қаруын сынаудан қатты зардап шекті. Мұндай қасірет қайталанбауға тиіс. Біз кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін бейбітшілікті нығайтып, халықаралық әріптестікті дамыта түсуіміз керек. Ядролық қарудан және сынақтардан біржола бас тартуға күш салуымыз қажет. Бейбітшілік пен қауіпсіздік – бүкіл адамзатқа ортақ ең басты құндылықтар, – деп жазды президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ

Семей полигоны – Қазақстан тарихындағы ең ауыр парақтардың бірі. 1949 жылдан бастап 1991 жылға дейін Кеңес одағының негізгі ядролық сынақ алаңы болған бұл аумақ бүгінге дейін ұлт жадында жазылмас жара болып қалып отыр. Полигон аумағында ресми деректер бойынша 450-ден астам ядролық жарылыс жасалды. Олардың басым бөлігі ашық аспан астында өткізілді. Бұл сынақтардың салдары миллиондаған халықтың денсаулығына, табиғатқа, экологияға орасан зиян тигізді.

Сол жылдары Семей, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының халқы тікелей радиацияның әсеріне ұшырады. Жарылыстардан кейінгі радиациялық бұлт жүздеген шақырымға тарап, ауылдарды улады. Әлі күнге дейін сол өңірде онкологиялық аурулар, генетикалық ақаулар, балалардың жүрек-қан тамырлары дерттері басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Көптеген отбасылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дерттің ауыртпалығын көтеріп отыр.

Семей полигоны – тек медициналық мәселе емес, ол адам құқығының өрескел бұзылуының символы. КСРО билігі халықты сынақ жайлы хабардар еткен жоқ, ешқандай сақтық шаралары қолданылмады. Қарапайым тұрғындар ядролық жарылыстарға ашықтан-ашық куә болды. Кейін олардың балалары мен немерелері сол күндердің зардабын тартты. Бұл – ғылым мен әскери мүдде үшін адам тағдырын құрбан еткен жүйенің бет-бейнесі.

1991 жылы 29 тамызда Семей полигоны жабылды. Бұл қадам әлемдік тарихта аса маңызды оқиға ретінде бағаланды. Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекеттердің бірі болып, бейбітшілікті ту етті. Бүгінде бұл шешім халықаралық қауымдастық алдында еліміздің абыройын арттырған үлкен қадам ретінде мойындалған.

Back to top button