“Мұнайлы ел болғанымыз, жанармай арзандайды дегенді білдірмейді” – Жұманғарин
Биыл қазан айының 16-нан бастап Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынына бағаны көтеруге уақытша мораторий енгізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
БАҒА ШАРЫҚТАП БАРАДЫ
Ішкі нарыққа жанар-жағармайдың көршілес елдерге кетуіне және әлемдік баға ауытқуларына аса тәуелді. Осы ретте Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның мұнай өндіруші ел бола тұра, бензин мен дизель отынының бағасын төмен бағада ұстай алмауының себебін түсіндірді.
Серік Жұманғариннің айтуынша, үкімет бұған дейін жанармай бағасын күрт өсірмей, нарықты біртіндеп бейімдеу үшін ай сайын 2 теңгеден көтеру тактикасын ұстанып келген.
Алайда қазіргі жағдай сыртқы факторлармен, әсіресе Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарымен күрделене түсті.
«Қазір көрші елде мұнай өнімдерінің бағасы шарықтап өсіп жатыр. Бұл тұрғыда біз едәуір қалып келеміз. Біздің отынның түрлі тәсілімен көрші елдерге кету қаупі бар», – деді Жұманғарин.
“АРАЛДА ТҰРҒАН ЖОҚПЫЗ”
Оның сөзінше, бұл ағындарды әкімшілік шаралармен тоқтату қиын, өйткені Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында кедендік шекара жоқ. Сондықтан мемлекет бағаны ұстап тұру мен ішкі нарықтағы тұрақтылықтың арасын тиімді үйлестіруге мәжбүр.
«Біз өзімізді мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ, өкінішке қарай, аралда тұрған жоқпыз. Мұнайлы ел болғанымыз, жанармай арзандайды дегенді білдірмейді», – деді министр.
Сондай-ақ, Қазақстанның ЕАЭО шеңберіндегі серіктестеріне берген міндеттемелері мен ортақ нарықтағы интеграциялық шектеулер де баға саясатына әсер ететіні айтылды.
Үкімет жанар-жағармай нарығындағы жағдайды мұқият бақылап, содан кейін ғана бағаны қайта қарау мәселесін қолға алмақ.
«Қалай болғанда да, біз бұл баға айырмасын біртіндеп азайтуымыз қажет. Бірақ күрт көтерілмейді. Егер баға өссе де, ол біртіндеп іске асады. Бұл – жүз пайыз», – деді Жұманғарин.
2025 жылғы 16 қазанда Қазақстан үкіметі АИ-92 бензині мен дизель отыны бағасын әрі қарай көтеруге мораторий енгізді. Бұл шешім инфляцияны тежеу мен ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында қабылданғанын Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
ҮКІМЕТ ЖАҒДАЙДЫ ҚАЛАЙ ТҮСІНДІРДІ
Бұған дейін, 30 қаңтарда жанар-жағармай бағасына мемлекеттік реттеуді алып тастау туралы бұйрық күшіне енген болатын. Жоба жария талқыланған кезде үкімет бұл шешімді былай түсіндірген:
«Қазіргі уақытта жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеу Қазақстанды көршілес елдермен салыстырғанда ең арзан отын сататын мемлекетке айналдырды. Бұл жағдай жанар-жағармайдың шекара асып кету қаупін күшейтіп, көрші мемлекеттерге “көлеңкелі” экспорттың артуына және ішкі нарықта тапшылық туындауына алып келіп отыр», – делінген түсіндірме жазбада.
Сондай-ақ, бағаны кезең-кезеңімен ырықтандыру қажеттілігі де айтылды. Бұл ретте әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары да назарда болатыны көрсетілді.
Бұған қоса, бұл шешімнің артында екі негізгі себеп жатқаны көрсетілген. Нақты айтсақ, жанармайдың сыртқа кетуі мен “көлеңкелі” экспорт; мұнай өндіруді арттыру және өңірдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығын жылына 18 млн-нан 28 млн тоннаға дейін ұлғайту жобаларының экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында дизель отынының бағасы 10%-ға, бензин 14%-ға өсті. Болжам бойынша, бұл өсім 2026 жылдың соңына дейін жалғасып, Ресеймен деңгейлес болады.
Биыл 25 қыркүйектегі Numbeo рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлем бойынша жанармай бағасы ең арзан бес елдің қатарына енген.