Ерекше

Мұнай бағасы тағы төмендеуі мүмкін – сарапшылар

2026 жылы әлемдік мұнай бағасы сұраныстың баяу өсуі мен артық өндіріс салдарынан төмендеуі ықтимал. Осындай үрдіс бірқатар металдар нарығында да байқалуы мүмкін. Energyprom сарапшылары Дүниежүзілік банк есебін талдай отырып, шикізат экспортына бағдарланған Қазақстан экономикасы үшін туындайтын тәуекелдерге назар аударды, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

ТҰРАҚСЫЗДЫҚ СЕБЕБІ

Дүниежүзілік банк мамандарының айтуынша, жаһандық экономиканың әлсіз өсімі, мұнайдың шамадан тыс өндірілуі мен геосаяси тұрақсыздық алдағы жылы мұнай бағасының едәуір төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Банк есебіне сәйкес, 2025 жылы мұнайдың артық қоры ұлғайып, 2020 жылғы соңғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 65 пайызға артады. Бұл ретте мұнайға деген сұраныс жалпы декарбонизация үдерісі, электромобильдер мен гибрид көліктерге көшу аясында айтарлықтай қарқын ала алмай отыр.

2026 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы биылғы орташа 68 АҚШ долларынан барреліне 60 долларға дейін төмендейді деп болжануда. Бұл соңғы бес жылдағы ең төменгі деңгей болмақ. Өзге энергия тасымалдаушылар бойынша да бағаның төмендеуі күтіледі: 2025 жылы — 12,4 пайызға, 2026 жылы тағы 10,2 пайызға.

ЭКСПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІК ӘЛІ САҚТАЛЫП ОТЫР

Дүниежүзілік банк бағалауынша, көмірсутек ресурстарының (мұнай, көмір және газ) бағасы тек 2027 жылдан бастап қайта өсуі мүмкін. Түсті металдар да келесі жылы 0,9 пайызға арзандауы ықтимал. Ал кейбір металл түрі бойынша құлдырау бұдан да сорақы болуы кәдік: темір кені 2026 жылы 4,1 пайызға, 2027 жылы 4,3 пайызға төмендейді. Мырыш бағасы 2026 және 2027 жылдары қатарынан 1,8 пайызға арзандауы мүмкін.

Energyprom сарапшылары Қазақстан экономикасының шикізат экспортына тәуелділігі әлі де жоғары екенін атап өтті. 2019 жылдан бері ел экспорты құрылымындағы отын-энергетикалық тауарлардың үлесі небәрі бірнеше пайыздық тармаққа – 66,2 пайыздан 55,4 пайызға ғана азайған.

Айта кетейік, бұған дейін сарапшылар 2025 жылы әлемдік мұнай бағасының төмендеуі Қазақстанның мұнай экспорты көлемінің қысқаруына әкелгенін атап өткен болатын.

Back to top button