Ерекше

Сыйақы неліктен мұғалімдерге бірдей берілмейді – министрлік өкілі жауап берді

Сыйақылар нақты білім беру ұйымының үнемделген қаражатынан төленеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

МИНИСТРЛІК ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қазақстандық мұғалімдердің мереке күндері неліктен кейбірі сыйақы алатынын, кейбірі түксіз қалатыны туралы айтты. Әсіресе ауылдағы мектептерде үздіксіз жұмыс атқарса да бірде-бір рет сыйақы алмаған ұстаздар мәселесі де қамтылды.

Қаныбек Жұмашевтің айтуынша, Білім басқармалары, аудандық бөлімдер мен мектептердің қаржыландыруы бөлек жүргізіледі және қаражат есепке жеке алынады.

«Егер елде шамамен 8000 мектеп болса, онда олардың жылдық қаржылық есептерін 220 аудандық білім бөлімдері қабылдап, келесі жылға бюджетті бекітеді. Сыйақы мөлшері мен оны төлеу мүмкіндігі тікелей аудан немесе қаланың қаржылық жағдайына байланысты. Қаржылық көздері мол және мектептер арасында тең бөлінетін жерлерде педагогтерге сыйақы берілу ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Сыйақы беру мәселесі тікелей өңірдің қаржылық мүмкіндіктерімен байланысты», – деді ол.

АУЫЛ МҰҒАЛІМДЕРІ ДЕ АЙТЫЛДЫ

Сонымен қатар, Қаныбек Жұмашев ауылдарда мұғалім мамандығы жоғары еңбекақы алатын салаға жататынын атап өтті. Мемлекеттік мерекелер қарсаңында да сыйақы қарастырылады.

«Әдетте мұндай сыйақылар мектептің жылдық бюджетінен үнемделген қаражат есебінен төленеді. Бізге түскен ақпарат бойынша, жаңа басқару формасына көшіп, кәсіпкерлік жүргізу мәртебесі бар мектептерде оң тенденциялар байқалады. Әр мемлекеттік мереке алдында педагогтерге белгілі бір мөлшерде сыйақы төленеді», – деді комитет төрағасы.

Ол сондай-ақ сыйақылар мектептің жалпы жылдық бюджетінен үнемделген қаражат есебінен берілетінін айтты.

Back to top button