Қазақстанда педагогтерді аттестациялау кезінде авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабы алынып тасталады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп жазады Tizgin.kz.
Қазір «педагог-шебер» санатын алу үшін мұғалімдер республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған авторлық бағдарламаларды әзірлеп, оны оқу үдерісіне енгізуі тиіс. Алайда 2025 жылдың желтоқсан айының соңында оқу-ағарту министрлігі бұл талаптың тиімсіз екенін мойындады. Сол кезде Жұлдыз Сүлейменова ведомство педагогтердің жұмысын бағалаудың балама әдістерін енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын.
«Қазір үлкен жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр, олар барлық нормативтік-құқықтық актілерімізге талдау жүргізеді. Осы ретте біз педагогтерді аттестациялау кезінде авторлық бағдарламаларды алып тастау мәселесін көтеріп отырмыз. Себебі олардың білім беру үдерісін ұйымдастыруға қаншалықты тиімді әсер ететінін, сондай-ақ бұл авторлық бағдарламалардың нақты қаншасы қолданылып жатқанын көріп отырған жоқпыз», – деді Сүлейменова үкіметте.
Министр бұл мәселеде өзінің ұстанымы нақты екенін атап өтті. Оның айтуынша, авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабы келесі оқу жылының басына дейін толықтай жойылады.
«Сонымен қатар біз енді басқа тәсілді енгізуіміз қажет болады. Яғни мұғалім өзінің жұмысын, оқу үдерісін қалай тиімді ұйымдастыра алатынын, оқушылармен жүргізілетін жұмысты нақты көрсете алатын тәсіл болуы тиіс. Бұл бағытта біз, әрине, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», – деп түйіндеді оқу-ағарту министрі.
Бұған дейін министр аттестациялау тәртібін өзгертуге қатысты өзекті мәселелердің бірі ретінде мұғалімдердің авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабын атаған болатын.