БілімЕрекше

Мұғалімдер жасанды интеллекттің ақылы қызметін пайдаланауға міндетті емес – Аймағамбетов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Tizgin.kz порталына берген жауабында жасанды интеллекті мектепке енгізудің негізгі мақсат-міндеттерін айтты.

“Мұғалімдерге бүгінгі таңда ешкім “видео өңде” деп айтып жатқан жоқ. Міндетті емес (жасанды интеллекттің ақылы қызметін алуға). Біз жасанды интеллекті мектепке енгізу дегенді күні-түні ChatGPT немесе Gemini-мен жұмыс істеу деп түсінбеуіміз керек. Біздің балалар онсыз да қазір ChatGPT-ді қолданып жүр. Мәселе бұдан кеңірек. Біз сыни тұрғыда ойлау, оқу сауаттылығын арттыру, тиісті сауалдарды жасап, оны этикалық тұрғыда дұрыс пайдалануды ойлауымыз керек. Жасанды интеллект тек бір құрал екенін, ақпаратты тұтынып, пайдалануға болатын жүйе екенін түсінуі керек. Көзін жұмып, сене бермеуі тиіс. Ондағы ақпараттарды міндетті түрде тексеру керектігін біз балаларға түсіндіруіміз керек. 

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, баяғыдай оқушыға үй тапсырмасын беріп, оның үйде орындалған нәтижесіне баға қоятын заман өткен. 

“Өйткені қазір дайын жауаптар заманы. Балалар  жасанды интеллекттің көмегімен тапсырманы орындап, мұғалімге береді. Сол арқылы баланың білімін қаншалықты тексеріп жатырмыз? Сондықтан, баланың білімін тексеру, анықтау да өзгеруі керек”, – дейді ол.

МИНИСТРЛІКТІҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Оқу-ағарту министрлігінің биылғы «ноу-хауының» бірі – оқу процесіне жасанды интеллект технологияларын пайдалануға рұқсат бергенінде. Алайда оның ақылы қызметін кім төлейді? Tizgin.kz порталы бұл сұрақтың жауабын білу үшін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевке ресми сауал жолдаған еді. Біз өз сұрағымызда қандай пәндер жасанды интеллекттің көмегімен оқытылатынын, Қазақстанның мұғалімдері жасанды интеллекті пайдаланған кезде қай технологиямен жұмыс істейтінін (АҚШ-тың ChatGPT қызметін бе, әлде Қытайдың DeepSeek технологиясын ба) білмек едік. АҚШ-тың ChatGPT қызметі ақылы (айына 20 доллар — 12 мың теңгеден асады), ал Қытайдың DeepSeek Pro қызметі 8 доллар (4 мың теңгеден асады) екені белгілі.

«Бұл соманы мектеп әкімшілік төлей ме, әлде мұғалімнің өз қалтасынан төлене ме?» — деп сұралды министрліктен.

Бұлай дейтініміз, егер фото немесе видео жасалуы керек болса, жасанды интеллект технологияларының ақылы қызметі ғана бұл істі атқара алады.

Министрлік ЖИ технологияларын пайдалану тек — ұсыным екенін жазғанына қарағанда мұғалімдерге оның ақылы қызметін пайдалану міндетті емес болса керек.

Back to top button