ЕрекшеТергеу

Менің камерама ұялы телефон кіргізіп те тексерді – Алмасбек Садырбай

Адвокат Анар Құсайынова өз қорғауындағы белсенді, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбайдың 24 желтоқсанда Қонаев тергеу сотында сөйлеген сөзінің видеосын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алмасбек Садырбайдың айтуынша, оның камерасына әдейі ұялы телефон кіргізілген. Бірақ оның біреуге қоңырау шалып, қысым жасауы мүмкін деген болжамды расталмаған. 10 күн бойы Алмасбек Садырбай ол телефонмен ешкімге қоңырау шалмағанын айтады. Осыны баян еткен ол «алаяқ болсам, мені жер-жерден ақсақалдар іздеп келмес еді» дейді.

“Мені біреуге қысым жасауы мүмкін деген болжамдар барын құрметті сот, өткенде айтқанмын. Қонаевтағы уақытша оқшаулағышта расында да, мен біреуге қысым жасауы, көндіруі немесе қорқытуы мүмкін деген болжаммен жасырын тергеу амалдары жүргізілген. Іс материалдарында ол жайлы бар. Менің камерама мобильді телефон салып жіберген. Ол телефонның сатып алынғаны, сомасы мен түбіртегіне дейін көрсетілген. Бірақ 10 күн бойы менің камерамда жатқан ұялы телефоннан сыртқа бірде-бір мәрте қоңырау соғылмаған. Кемі бір қоңырау болса, ол хаттама сіздің алдыңызда болар еді”, – дейді Алмасбек Садырбай.

Алмасбек Садырбайдың сөзінше, оның ұялы телефонындағы кейінгі екі жылдағы қоңыраулар мен хаттардың бәрі тексерілген. 

“Тергеу органдарының менің біреуге қысым жасауым мүмкін деген әрекетінен түк шықпады. Себебі біреуді үркітіп-қорқытар, көндірер немесе адастырар ойым жоқ. Мен заңға бағынатын қоғам қайраткерімін. Кінәлі болсам, арым мен маған сенетін адамдардың алдында жауаптымын. Қазақстанның жер-жерінен ақсақалдар мен үшін келіп, күтіп отырғанына қарадай ыңғайсызданамын. Алаяқ болсам ол адамдар келмес еді. Тергеу аяқталды. Прокурорлар біреудің жауаптарын өзгертіп жібереді деп несіне қауіптенеді? 20 маусымда нүкте қойылып қойған”, – дейді ол.

АЛМАСБЕК САДЫРБАЙ ЖАЙЛЫ

2025 жылдың қаңтарында Гиперборей арнасында Алмасбек Садырбайдың уақытша оқшаулағыштан жариялаған видеосы пайда болған еді. Онда Садырбай «мен мұнда не үшін отырғанымды білмеймін, сот әділетті шешім қабылдар деген сенімдемін, мен тергеу амалдарының бәрінде серіктесуге дайынмын, маған қорғануға, адал атымды қорғауға мүмкіндік беріңіздер, басқа ештеңе керек емес» дейді Садырбай

Алмасбек Садырбай 2024 жылдың қарашасында ұсталған. Былтырдан бері оны қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Биыл мамыр айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Алмасбек Садырбайдың ісін прокурорлардың өздері тергеп жатқанын мәлімдеген. 

Агросалада Алмасбек Садырбай есімі белгілі адам. «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы, агросарапшы ретінде ол саладағы мәселелерді ашық айтып, ылғи қоғам назарында жүреді.

Ашық дереккөздерде А.Садырбайдың Орталық Азия университетін «экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылған. Алматы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеген. Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы, 2017 жылдан бастап Гэмпшир, Суффолк және ет мериносы тұқымдарының етті бағыттағы қойларының республикалық палатасының төрағасы болған. 2018 жылдан бастап «Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы қызметін атқарса, 2019 жылдан бастап Алмасбек Садырбай Shopan-ata Қазақстан қой өсірушілер Ұлттық қауымдастығының төрағасы қызметін атқарған.

Алмасбек Садырбайды тергеу ісі аяқталған

Back to top button