TOP-2Сараптама

Мемлекеттік рәміздер: Ту, Елтаңба және Әнұран туралы психоаналитиктер не дейді

Туға қараған кезде, Әнұранды тыңдағанда немесе Елтаңбаны көргенде жан дүниеңізде логикамен түсіндіру қиын сезімдер ояна ма? Денеңіз тітіркеніп, көзіңізге жас келіп, кеудеңізді мақтаныш сезімі билеуі мүмкін. Психоанализ тұрғысынан бұл заңды құбылыс: мемлекеттік рәміздер бейсаналы мағыналарды тасымалдаушы. Tizgin.kz порталы 

Психоанализ бағытындағы психолог Назерке Көкебаеваның айтуынша, адам психикасында мемлекет көбінесе ата-ананың рөлін атқарады: мемлекет “әке” ретінде – заңды, шекараны, тәртіпті белгілесе, “ана” ретінде – тиесілік пен қауіпсіздік сезімін береді.

“Осы тұрғыда Ту – мемлекеттің “денесі”, Елтаңба – оның бет-бейнесі”, болмысы, Әнұран – біріктіретін “дауысы”, – дейді ол.

Мысал ретінде Қазақстанның мемлекеттік туы алайық.

“Көгілдір түс, күн, қыран – саналы деңгейде бейбітшілік, еркіндік пен болашақтың символы, ал бейсаналы деңгейде “мен үлкен тұтастықтың бөлігімін”, “мен жалғыз емеспін” дегенді білдіреді. Демек, мемлекеттік символдар бейсаналы түрде адамға ішкі тіректі береді”, – дейді психолог.

Қазақстаннчың Әнұраны шырқалған кезде көп адамда күшті эмоциялық әсер пайда болады, өйткені әнұран ұжымдық сананы оятады, адамды тарихпен байланыстырады, “біз” сезімін күшейтеді.

Назерке Көкебаева

“Бұл балалық шақтағы тәжірибеге ұқсайды – ата-ананың дауысы баланы қалай тыныштандырады, мемлекеттік рәміздер де сондай сезім сыйлайды”, – дейді Назерке Көкебаева.

Кез келген мемлекеттік рәміз тек қуанышты ғана емес, соғыстарды, жоғалтуларды, Тәуелсіздік үшін күресті де бейнелейді.

Психологтың айтуынша, Кеңес одағының ыдырауы Қазақстан үшін жаңа ұлттық бірегейліктің қалыптасу кезеңі болды, сол себепті рәміздер бір мезетте: мақтаныш сезімін, қайғыру сезімін, сағыныш сезімін тудыруы мүмкін.

Осы орайда “Мемлекеттік рәміздер не себепті әр адамда әртүрлі сезім тудыруы мүмкін?” деген сұрақ туындайды.

“Адамның болмысы сондай: ол балалық шақтағы тәжірибесін бейсаналы түрде мемлекетке “көшіреді”. Балалық шағыңызға көңіліңіз толмаса – ересек өміріңізде мемлекетке көңіліңіз толмауы мүмкін. Балалық шақта өзіңізді толық қауіпсіздікте сезіне алмасаңыз — ересек өміріңізде мемлекет Сіз үшін қауіпсіздік бере алмайтындай көрінеді. Балалық шағыңызда ата-анаңыздан мол махаббат алған болсаңыз – ересек өміріңізде патриоттық сезіміңіз жоғары болады”, – дейді психолог Назерке Көкебаева.

Сондай-ақ, психолог дағдарыс кезінде рәміздер маңызды рөл атқаратынын айтты.

“Тұрақсыздық кезеңінде психика тірек іздейді. Дәл осы кезде рәміздердің маңызы артады. Рәміздер “Біз бармыз. Біз біргеміз. Біз шыдаймыз” деген сезім, сенім береді”, – дейді ол.

Рәміздер туралы психоаналитиктер не жазған?

Өзіңізді маңызды шара тұрмын деп елестетіп көріңіз. Әнұран шырқалған кезде орныңыздан тұрып, қолыңызды жүрек тұсыңызға қоясыз. Өзіңізбен қоса айналаңыздағы адамдар әнұран шырқап тұр. Сіз қандай сезімде боласыз? Бойыңызды мақтаныш сезімі билеп, толқып кетесіз бе? Бір кесек мата мен музыка неге Сізді осындай күйге бөледі? Бұл – кездейсоқтық емес, бейсананың жұмысы.

Психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фройд “Тобыр психологиясы және Мен талдауы” еңбегінде адам топ ішінде өзгеретінін жазған. “Адам топ ішінде өзін “Мен” ретінде емес, “Біз” ретінде сезінеді. “Бізді” сақтау үшін психикаға тірек қажет. Осы жерде “көмекке” рәміздер келеді. Спорттық жарыстарда адамдар өз елінің байрағына қарап-ақ көзіне жас алуы мүмкін, себебі байраққа қараған кезде адам өзінің қандай елге тиесілі екенін, тұтастай бір мемлекеттің бөлшегі екенін сезінеді.

Ғылымға “ұжымдық бейсана” ұғымын енгізген психоаналитик Карл Густав Юнг адамзатқа ортақ, әмбебап образдар – архетиптер бар екенін айтады. Қыран да, күн де, аспан да әлем бойынша барлық мәдениетте бар. Бұл символдар күш-жігер, өмір, еркіндік сияқты базалық тәжірибен байланысты.

Мысалы, Қазақстанның Мемлекеттік туындағы көгілдір аспан – тыныштық пен шексіздіктің, күн – өмірдің, қыран – еркіндік пен күш-қуаттың белгісі. Көк байраққа қараған адам арнайы талдау жасамай-ақ, іштей сезінеді.

Балалар психоанализінің негізін қалаушылардың бірі Мелани Кляйн неліктен символдар бір адамның жанына қуаныш, ал басқа адамның жанына мұң сыйлайтынын түсіндірген.

Сәби анасын жақсы және жаман деп бөледі, ал өсе келе жақсы дегені де, жаман дегені де бір адам екенін түсіне бастайды. Кейбір адам психологиялық тұрғыда бала кейіпте қалып қалғандықтан әлемді де жақсы, жаман деп бөледі. Біреу үшін мемлекеттік рәміздер — қауіпсіздік, мақтаныш, ал тағы біреудер үшін қорқыныш, қысым. Осы себепті біреу әнұранды айтқанда жылайды, ал басқа адам реніш сезеді.

Француз психоаналитигі, ХХ ғасырдың ортасында психоанализді жаңаша түсіндірген ғалым Жак Лакан символдар – шындықтың бір бөлігі екендігін айтады. Ол адамдар тіл, заң, мәдениет сияқты “символдық тәртіпте”өмір сүретінін жазады. Демек мемлекеттік рәміздер біздің “менімізді” қалыптастыратын жүйенің элементтері. Мемлекеттік рәміздер арқылы адам өзінің кім екенін, қайдан екенін, кімге тиесілі екенін түсінеді.

Мысалы, кішкентай бала саясатты, тарихты, идеологияны түсінбейді, бірақ әнұран шырқалған кезде ол да орнынан тұрады, көк байраққа құрмет көрсетеді, адамдардың “Бұл – біздің байрақ!” деген қуанышты үнін естиді. Осы сәтте “Мен осы үлкен дүниенің бөлшегімін” деген түсінік қалыптасады және осы сезім өмір бойы сақталады.

Қорытындыласақ, психоаналитиктер туды тек мата ретінде зерттеген жоқ. Туды көргенде не себепті толқып кететінімізді Зигмунд Фройд өзіңді бір нәрсемен байланыстыру (идентификация) арқылы, Карл Густав Юнг архетиптер арқылы, Мелани Кляин сәби кездегі тәжірибелер арқылы, Жак Лакан символика арқылы түсіндірді.

Back to top button