БілімЕрекше

“Мектептер дайын емес”: Ұлттық білім академиясы оқушының смартфон ұстауына тыйым салуға қарсы

Оқу-ағарту министрлігіне қарайтын Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Нәзипа Аюбаева мектепте смартфонға тыйым салу бастамасымен келіспейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның сөзінше, жасанды интеллектті оқытатын заманда оқушыға гаджет тек ойын үшін емес, күнделікті қажетті шаруасына керек екенін түсіндіру керек.

«Кейбір жерде инфрақұрылым дайын емес. Ол жерде балаларды смартфонсыз оқытамыз. 11-ші сыныпты бітірген оқушыға гаджет керек. Жұмыс істеу үшін де. Сондықтан, мектеп уақытында гаджетті тек ойын-сауыққа қолданбай, білім үшін де қолдануды үйрету керек. Гаджетті қолдарына берген кезде ғана құзірет пайда болады. Сондықтан, мақсатын анықтап, содан кейін түсінікті ережелерді қалыптастыру керек. Тек оқып жатқан кезде пайдалану, басқа уақытта оны ысырып қоямыз дегендей ережелер болуы керек”, – дейді ол.

Аюбаеваның сөзінше, балаға гаджет тек ойын үшін емес, өзінің күнделікті қажетті шаруасына да керекті екенін түсіндіру керек.

“Инфрақұрылымы дайын болған күннің өзінде гаджеттің болуы – адамның құқығы. Сол гаджетті пайдаланып, білім беру, құзіреттілікті дамыту – біздің міндетіміз”, – дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары мектепте смартфон ұстауға тыйым салуды бастама ретінде көтерген. Мысал ретінде олар Назарбаев мектептерін келтіреді. Аталған мектепте биылдан бастап оқушыларға смартфон ұстауға тыйым салынған.

Back to top button