Ерекше

Мейрамханада қазақ тіліне қатысты болған даудан тексеріс жүргізіліп жатыр

Желіде «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортындағы GUSTO мейрамханасына қатысты дау туындады. Онда мекеме қызметкері клиентке мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмаған, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

МЕКЕМЕ МӘЛІМДЕМЕСІ

Жақында әлеуметтік желілерде GUSTO мейрамханасында түсірілген бейнежазба кең тарады. Видеода автор мекеме қызметкерінен қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етеді. Бейнежазба авторының айтуынша, ол сөйлескен әйел өзін Елена есімді әкімші ретінде таныстырған.

Жанжалдан кейін GUSTO әкімшілігі ресми мәлімдеме жариялады. Онда мейрамхана қонақтарға үш тілде қызмет көрсететіні айтылып, оқиғаға байланысты ішкі тексеріс жүргізілетіні хабарланды.

«Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Қазір ішкі тексеріс жүргізіп жатырмыз. Тексеру аяқталғанша егжей-тегжейлі түсініктеме берілмейді. Нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады», – делінген мейрамхана хабарламасында.

РЕСЕЙГЕ ЖЕТКЕН РЕНІШ

Жанжалдан кейін әлеуметтік желілерде наразылық пікірлер молайды. Әсіресе 2GIS платформасындағы GUSTO парақшасы қатты зардап шекті – мекеменің рейтингі бір жұлдызшаға дейін төмендеді. Жарияланым кезінде аккаунтта 34 мыңнан астам баға болған, олардың басым бөлігі теріс пікірлер және барлығы дерлік оқиғадан кейін қалдырылған.

Алайда «халық ашуының» бір бөлігі нақты мекемеге емес, Владивостокқа да жетті. Ресейдің Қиыр Шығысындағы дәл осындай атауы бар рестобар да бойкотқа ұшырап, әлеуметтік желілерде жағымсыз пікірлер көбейді. Алайда бұл нысанның аталған жанжалға еш қатысы жоқ.

 

Back to top button