ГеосаясатЕрекше

Мажарстан Халықаралық соттың Путинді тұтқындау ордерін орындаудан бас тартты

Мажарстан Ресей президенті Владимир Путин елге келсе де, Халықаралық қылмыстық соттың оны тұтқындау жөніндегі ордерін орындамайды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның айтуынша, Будапешт Халықаралық қылмыстық соттың шешімдерін мойындамайды, өйткені ел парламенті 2025 жылдың көктемінде Рим статутынан шығу жөнінде дауыс берген. Алайда формалды түрде Венгрия келісімнің қатысушысы болып қала береді — себебі шығуға берілген 12 айлық мерзім әлі аяқталған жоқ. Сийяртоның пікірінше, Еуроодақ елдері Ресей президентінің сапарына кедергі келтірмеуі тиіс.

«Егер біреу оның ұшағына әуе кеңістігі арқылы ұшуға рұқсат бермесе, бұл олардың бейбітшілікті қаламайтынын білдіреді», — деді министр.

Будапешт Путин мен Трамп арасындағы жаңа саммитті өткізуге дайын екенін де мәлімдеді. Сийяртоның сөзінше, венгр билігі кездесуді ұйымдастыру туралы сұраныс алған және одан бас тартпай отыр.

Путин мен Трамптың алдыңғы кездесуі 15 тамызда Аляскада өткен. Financial Times басылымының жазуынша, Ресей президенті Украина мәселесінде ешқандай ымыраға келуден бас тартып, Рюрик пен Богдан Хмельницкий туралы тарихи шегініс жасаған. Бұл Трампты ашуландырған — ол дауысын көтеріп, ортақ түскі асты да жойған.

Дегенмен екі президент 16 қазанда телефон арқылы жаңа кездесу өткізуге келіскен. Кездесу орны ретінде Венгрия таңдалған. Алайда 20 қазанда Сергей Лавров пен Марко Рубио арасындағы әңгімеден кейін саммит Украина мәселесіндегі келіспеушіліктерге байланысты тоқтатылды. Трамп әкімшілігі кездесудің болмайтынын растады және сыртқы істер министрлері арасындағы қосымша келіссөз қажет еместігін мәлімдеді. Ал 22 қазанда Виктор Орбан саммитке дайындық әлі жалғасып жатқанын айтты.

Back to top button