
Қытайда Бүркіт Аман атты азамат ұсталды. Оның туған-туыстары Қазақстан билігінен көмек сұрайды
Tizgin.kz порталына хабарласқан Бүркіттің туған-туыстары оның 9 қазан күні Чжэньчжоу провинциясына Алматыдан ұшып шыққанын хабарлайды.
“Бауырым жақында достарымен бірге автосалон ашып, бәрі де Қытайға ұшып шыққан. Екі күн бойы содан кейін хабарсыз кетті. Кеше шешеме қоңырау шалып, “мама, мені құтқарыңдаршы, мен жаламен ұсталдым” деп бір минутқа сөйлесіп, қоңырауды қоя салған, – дейді әпкесі Ажар.
Осыдан кейін Бүркіт анасы апыл-ғұпыл Қытайға жол тартқалы отыр. Туған-туыстарының айтуынша адвокаттар 7 млн теңге талап еткен. Бүркіттің анасы қорыққанынан 1 млн теңге аударған.
“Екі күн бұрын Бүркітті жауып тастағанын достары айтпаған. Кеше кешкісін ғана айтты. Күндіз бізге өзі қоңырау шалғанда не үшін қамалғанын айтқан жоқ. Достары “жай төбелес болды, қылмыстық іс болды, біз оған көмектесе алмаймыз. Біз қайтамыз” деді”, – дейді Ажар.
Бүркіттің туған-туыстары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне арыз тапсырған. Екі консул Бүркіттің туыстарына “күту керек” деген.