Мәдиев пошта үшін бюджеттен қосымша 2,8 млрд теңге сұрап отыр
Қазақстанда ауылдық жерлердегі пошта байланысының әмбебап қызметтерін қолдауға қосымша 2,8 млрд теңге қажет. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, «Байланыс туралы» заңның 34-бабының 2-тармағына сәйкес әмбебап қызметтерді субсидиялау шығындар мен нақты кірістер арасындағы айырма ретінде айқындалады. Сонымен қатар бұл сома тиісті қаржы жылына республикалық бюджетте көзделген қаражаттан аспауы тиіс.
Биыл ауылдарда пошта байланысының әмбебап қызметтерін көрсету бойынша операторлардың шығындарын субсидиялауға 500 млн теңге қарастырылған. Алайда қолданыстағы қаржыландыру жеткіліксіз болып отыр.
“Осыған байланысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пошта байланысының әмбебап қызметтерін қамтамасыз ету үшін қосымша 2,8 млрд теңге көлемінде бюджеттік өтінім қалыптастырған. Қазір бұл өтінім Бюджет кодексінде белгіленген тәртіпке сәйкес уәкілетті органдардың қарауында”, – дейді Бектенов.
Үкімет ауылдық елді мекендерде байланыс қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және пошта инфрақұрылымын дамыту мәселесін бақылауда ұстап отыр.