“Лукойлдың” Қазақстандағы активтері сатылуына берілген мерзім тағы ұзартылды
Келіссөздер мерзімі 28-ші ақпанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
УАҚЫТ СОЗДЫРУҒА НЕ СЕБЕП БОЛДЫ
Мұның алдында ресми мәліметпен Reuters агенттігі бөлісті. Соған сенсек, АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік «Лукойл» компаниясына шетелдегі активтерін сату бойынша келіссөздер жүргізуге берілген мерзімді ұзартты. Санкциялар «Лукойлдың» жаһандық активтері саналатын кен орындарын, мұнай өңдеу зауыттарын, Еуропа мен АҚШ-тағы жанармай құю стансалары желілерін қамтиды. Олардың қатарында Қазақстандағы ірі мұнай кен орындарындағы үлестер де бар. Берілген нақты мерзім – 28 ақпан. Бұған дейін дедлайн 17 қаңтарда аяқталуы тиіс еді.
Қазан айында енгізілген америкалық санкциялар «Лукойлды» сатып алушыларды жедел іздеуге мәжбүр етті. Алайда уақыт тапшылығына байланысты компания мерзімді ұзартуды сұраған. Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) бұл өтінішті қанағаттандырды.
МӘМІЛЕНІ МИНИСТРЛІК МАҚҰЛДАУЫ ТИІС
Енді әлеуетті сатып алушылар келіссөз жүргізіп қана қоймай, алдын ала шарттар жасасуға және қосалқы рәсімдерді аяқтауға мүмкіндік алды. Дегенмен кез келген түпкілікті мәміле АҚШ Қаржы министрлігінің жеке мақұлдауын талап етеді.
Бұған дейін «Лукойлдың» Қазақстандағы үлестеріне Carlyle Group, Chevron мен Quantum Capital Group консорциумы, сондай-ақ БАӘ-нің International Holding Company компаниясы үміткер екені хабарланған. Активтердің жалпы құны 22 млрд доллар деп бағаланып отыр. Ал Gunvor және Xtellus Partners-пен жасалуы мүмкін мәмілелерді АҚШ Қаржы министрлігі бұрын бұғаттаған.