Оқиға

Лондонда Палестинаны қолдап, көшеге шыққан 900-ге жуық адам ұсталды

Лондон полициясының мәліметінше, сенбі күні Ұлыбритания астанасында Palestine Action тобына тыйым салуға қарсы өткен демонстрация кезінде 890 адам ұсталған. Сенбі кешке полиция 425 адамның ұсталғанын хабарлаған еді. Бір ай бұрын өткен ұқсас акцияда 474 адам қамауға алынған, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Акцияны Defend Our Juries («Біздің қазыларды қорғайық») қозғалысының белсенділері ұйымдастырған. Олардың дерегінше, сенбі күні Лондонда Парламент алаңына 1500 адам жиналған.

Ұсталғандардың басым бөлігі Ұлыбританияда терроризм туралы заңға сәйкес тыйым салынған Palestine Action ұйымын қолдағаны үшін қамауға алынды. Полицияның мәлімдеуінше, «наразылық шарасы күш қолдануға ұласқаннан кейін» қамауға алынғандардың саны күрт артқан.

Полицияның хабарлауынша, 857 адам Palestine Action-ды қолдағаны үшін ұсталып, тағы 33 адам өзге құқықбұзушылықтар үшін қамауға алынған. Олардың ішінде 17-і — полицейлерге шабуыл жасағандар.

Наразылық акциясы сағат 13:00-де басталды. Көптеген қатысушылар қолдарына тыйым салынған ұйымды қолдайтын ұрандар жазылған плакаттар ұстап шықты. Соның ішінде: «Мен геноцидке қарсымын. Мен Palestine Action-ды қолдаймын» деген жазулар болды. Осыдан көп ұзамай полицейлер акцияға қатысушыларды ұстай бастады.

Лондон полициясының дерегінше, ұсталғандардың басым бөлігі жеке деректерін беруден бас тартқандықтан немесе өзге құқықбұзушылықтар бойынша тергеуде болып, кепілмен босатылғандар болғандықтан қамауға алынған.

«Операция кезінде бізге қарсы қолданылған күш – алдын ала келісілген және адамдардың бір тобы тарапынан жасалған әрекет. Олардың көпшілігі өз жеке басын жасыру үшін бетперде киген. Мақсат – мүмкіндігінше көп тәртіпсіздік тудыру еді, — деді қалалық полиция өкілі Клэр Смарт. — Заңды сақтау мен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттілердің — бұл жағдайда Терроризм туралы заңға сәйкес қылмыс жасағандарды ұстауға шыққандардың — мұндай зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүлде орынсыз».

Бұған дейін Defend Our Juries қозғалысы полицияның ұқсас мәлімдемесіне жауап беріп, офицерлер «бейбіт шерушілерге, соның ішінде қарт адамдарға да қатыгездікпен шабуыл жасады, себебі олар картон плакат ұстағаны үшін мыңнан астам адамды қамауға алмақ болды» деп мәлімдеген. Сондай-ақ, ұйым полиция қызметкерлерінің адамдарды жерге итеріп құлатып жатқан сәтін көрсететін бейнежазбаны жариялады.

Хабарларға қарағанда, демонстрацияға қатысушылардың көбі жасы үлкен адамдар болған, ал оларды ұстаған полицейлерге «Ұят!» деп айқайлаған.

Amnesty International ұйымы болса, бұл қамаулар «Ұлыбританияда бір нәрсе дұрыс емес екенін көрсетіп отыр» деп мәлімдеді.

Back to top button