
Астанада бүгін 11 көлік ойнатқан блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік істі қарады, деп жазады Tizgin.kz.
Сот барысында бүгін Эльмира Төлегенова жауап берді. Ол ұтыс ойындары 2021 жылдың тамызынан бастап өткізіліп келе жатқанын айтты. Сотта «қатысушылардың нақты саны қанша?» деген сұраққа ол “нақты есімде жоқ” деп жауап берді. Оның жауабына сәйкес, «Жаңа Бизнес» ЖШС-де жалғыз өзі директор, ал қалған қызметкерлер, соның ішінде бухгалтер де, уақытша жалданып тартылады. Ол бір ұтыс ойынында 100 адамның әрқайсысы 50 мың теңгеден ұтқанын, сондай-ақ iPhone-дар ойнатылғанын нақтылады. Алайда «нақты қанша сыйлық ойнатылды?» деген сұраққа жауап бермеді. Сонымен бірге қатысушылар екі автокөлік ұтып алғанын айтты.

Айыпталушы тарапқа сұрақ көп қойылды. Ал адвокат істің хаттамасы дұрыс толтырылмаған деп есептейді. Отырыста бір шенеунік ұтыс ойынын «лохотрон» деп атап, судьядан ескерту алды.
Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сот ісі көпшіліктің назарында. Белгілі блогер ретінде танылған Жанабылов әлеуметтік желілер арқылы түрлі ойын ойнатқан, ал Төлегенова «Жаңа Бизнес» ЖШС директоры ретінде ұтыс ойындарын ұйымдастырғаны үшін айыпталды. Тергеу мәліметінше, компанияның атынан өткізілген бірнеше акцияға жүздеген адам қатысып, олардың кейбірі ақшалай және бағалы сыйлықтарға ие болғанымен, ойынның ашықтығына салық органдарының күмәні туып отыр.
