ЕрекшеСпорт

Ливерпульде бокстан өткен ӘЧ: Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды

Ұлыбританияда өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жетінші алтын медальді ел қоржынына команда капитаны Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) салды, ол әлем чемпионы атанды. Финалда ол Өзбекстан спортшысы Жахонгир Зокировпен кездескен.

Жеңіске жеткен спортшыларды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.

«Қазақ боксшыларының осы әлем біріншілігіндегі өнерін жалпы табысты деп бағалауға болады. Бірақ АҚШ-та өтетін Олимпия ойындарына тыңғылықты дайындықты жалғастыру қажет. Спортшыларымызға алдағы уақытта да табыс тілеймін!» – деді Президент.

Турнир қорытындысы бойынша Алуа Балқыбекова (51 кг дейін) мен Аида Әбікеева (65 кг дейін) екі дүркін әлем чемпионы атанды. Балқыбекова финалда түркиялық Бусе Наз Чакыроглуды айқын басымдықпен жеңіп, үш раундтың бәрінде үстем болды.

Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидоваға алғашқы екі раундта есе жібергенімен, шешуші үш минутта айқастың барысын өзгертіп, Қазақстанға алтын сыйлады.

Чемпионатта сәтті дебют жасаған Торехан Сабырхан (70 кг дейін) финалда жапониялық Сэвон Окадзаваны төрешілердің бөлекше шешімімен жеңді. Тағы бір алтын медальді Наталья Богданова (70 кг дейін) иеленді. Ол австралиялық Лекеиша Перголитиден айқын басым түсті. Ал алғашқы екі алтынды Санжар Тәшкенбай (50 кг дейін) мен Махмұд Сабырхан (55 кг дейін) алып келген. Соңғысы финалда испаниялық Рафаэль Лозано Серраномен күш сынасты.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Ливерпульде өткен жарыста барлығы 10 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 2 қола және 1 күміс. Бұл нәтиже Қазақстанның әлемдік бокстағы ең мықты құрамалардың бірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Back to top button