Сенат ЛГБТ-ты насихаттауға тыйым салу туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады
Аталған құжатты Сенат депутаттары 4 желтоқсанда қарауы тиіс болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
СЕНТОР НЕ ДЕЙДІ
Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контент таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжат Еңбек кодексіне және қолданыстағы 12 заңға, соның ішінде балалар денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Нормалар қатарында педофилияны және дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпаратты қоғамдық кеңістікте, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері арқылы орналастыруды шектеу қарастырылған.
«Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауды шектеуге бағытталған бұл нормалар жастарды антиәлеуметтік құбылыстардан қорғауға, отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және адамгершілік-рухани тәрбиені қамтамасыз етуге жағдай жасайды», – деді сенатор Амангелді Есебай отырыс барысында.
ДЕПУТАТТАР ҰСЫНЫС АЙТПАДЫ
Қорытынды сөзінде депутаттар Сенаттың тұрақты комитеттерінің заң жобасына қатысты ескертулері мен ұсыныстары жоқ екенін атап өтті. Дауыс беру нәтижесінде құжат бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы екінші оқылымда бүгін, 18 желтоқсанда қаралады.
Айта кетейік, 12 қарашада Мәжіліс Қазақстанда ЛГБТ-ты насихаттауға тыйым салатын заңды қабылдаған болатын. Нормалар күшіне енгеннен кейін мұндай контентке 18+ жас шектеуі қойылады. Сенатта құжат 4 желтоқсанда қаралуы тиіс еді, алайда жекелеген нормаларды қосымша пысықтау қажеттілігіне байланысты күн тәртібінен алынған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық тәжірибе зерделенгенін және осындай нормалардың жекелеген топтарға қатысты агрессия немесе әлеуметтік оқшауланудың артуына әкелетіні жөніндегі қауіптердің расталмағанын мәлімдеді. Вице-министр Евгений Кочетовтың айтуынша, бірқатар елде бұдан да қатаң шектеулер енгізілген. Алайда сын айтушылар алға тартатын теріс қоғамдық реакция ол мемлекеттерде қалыптаспаған.