ЕрекшеОқиға

Күдікті – күйеубаласы: Жангелдідегі жантүршігер қылмыс жайлы тың дерек шықты

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелді ауылында ерлі-зайыпты екі адамның денесі үйдегі сарайынан табылғаннан кейін сол үйдің күйеубаласы күдікке ілінді. Отбасының тағы екі мүшесін іздеу жалғасып жатыр, іс бойынша ресми пікір әлі жарияланған жоқ. Бұл туралы Ақжайық басылымы жазды. 

Басылымның жазуынша, отбасының тағы екі мүшесі Мейрамгүл мен Наурыздың жоғалып кетуіне қатысты резонанс тудырған іс әлі тергеліп жатыр. Қаза тапқандардың денесі табылғаннан кейін олардың мүгедек балалары да қаза болуы мүмкін деген нұсқа күшейе түскен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан. Екі адамның денесі сарайдан табылған. Дереккөздердің мәліметінше, ол жерде шамамен бір жарым метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер соған салынған, кейін үсті топырақпен көмкеріліп, линолеуммен жабылған, үстіне диван қойылып, сырты құлыпталған.

Қазір күдіктінің қылмысты жалғыз өзі жасаған-жасамағаны анықталған жоқ. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мәйіттер қанға боялған күйде болған, ал жанында заттар салынған пакеттер табылған. Бұл өлімнің зорлық-зомбылық сипатта болғанын, болжам бойынша пышақ қолданылғанын айғақтауы мүмкін.

«Бізге ерлі-зайыптылардың мәйіті табылғаны хабарланды. Мұны бүкіл ауыл біледі. Олардың нақты қалай өлтірілгенін білмейміз – тергеу жүріп жатыр. Бүкіл ауыл болып іздедік. Бұл қарапайым отбасы еді, ешкіммен аса жанжалдаспаған, мал ұстаған», – деді ауыл әкімі Қанат Ғайса.

Енді сот сарапшылары өлімнің нақты себебін, қылмыс жасалған уақытты және ықтимал қылмыс құралын анықтауы тиіс. Іс бойынша басты күдікті – қаза тапқандардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев. Дереккөздердің мәліметінше, тергеу аясында оның анасы да жауапқа тартылған. Алайда, сұхбаттасушылардың айтуынша, ол ұлы мен оның жұбайының қайда екені туралы тергеуге маңызды мәлімет бермеген. Сонымен қатар қаза тапқандардың үлкен қызы әрі күдіктінің жұбайы Ақбаян да із-түзсіз жоғалып кеткен.

«Бұл отбасы өте діндар, тұйық өмір салтын ұстанған. Ешкіммен дерлік араласпайтын, үйден сирек шығатын. Бес баланың анасы болған әйелді тіпті туыстарының өзі де көрмейтін. Сонымен бірге ерлі-зайыптылардың екеуі де ресми түрде жұмыс істемеген», – дейді құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін, отбасымен таныс адам. – Ақбаян да сыртқы ортамен толықтай байланысын үзген, оның құрбылары да, жақын қарым-қатынасы да болмаған. Бұл жағдай белгілі бола тұра, алдын алу шаралары қабылданбаған.

Сұлтанның анасы ұлының байланысқа шығатынын, алайда телефон қоңырауларын қабылдамайтынын айтады. Сонымен қатар дереккөздердің мәліметі мен әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, Сұлтан Бали аралында болуы мүмкін және жоғалып кеткен әйелдердің бірінің банк картасын пайдалануы ықтимал.

Марқұм Максот Қарабалиннің әпкесі – Асили Мұханғалиеваның айтуынша, Сұлтан ұзақ уақыт бойы жұбайының қайда екенін жасырып келген.

«Ол бізге ешқашан Ақбаянды көрсеткен емес, үнемі түрлі сылтау айтатын. Оның жағдайы жақсы екенін ғана айтатын. Кейін олардың қараша айында-ақ жоғалып кеткені белгілі болды. Сонымен қатар Сұлтанның анасы полицияға жүгінбеген әрі бес баланы өзінде қалдырған. Бұл оқиғада тым көп күмәнді жайт бар», – дейді ол.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер де күдіктінің Индонезияда болуы мүмкін екенін растайды. Сонымен қатар оның елден кетуге әрекет жасауы да жоққа шығарылмайды, себебі болған оқиғаның жалпы көрінісі біртіндеп айқындалып келеді.

Күні кеше әлеуметтік желілерде Мейрамгүлдің мәйіті Геолог шағынауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет расталмады. Полиция аталған аумақта тінту жүргізіп, тергеу үшін маңызды бірқатар затты тәркіледі. Сондай-ақ Наурыздың телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені расталды. Қолда бар деректерге сәйкес, одан әрі бағыт Малайзия арқылы Индонезияға өтуі мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр. Ресми органдар әзірге егжей-тегжейлі түсініктеме берген жоқ.

Back to top button