Мәскеуде «Крокус Сити Холл» терактісі бойынша іс сотқа жетті. Іс бойынша 19 айыпталушы бар, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
Бүгін Мәскеуде 2023 жылы «Крокус Сити Холлда» болған лаңкестік шабуылға байланысты күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қарала бастады. Аталған шабуылдан 147 адам қаза тапқан болатын.
Сотқа 19 адам тартылған: төртеуі — тікелей орындаушы деп танылғандар, ал қалған 15-і — «көмек көрсеткендер», соның ішінде күдіктілер тұрған пәтердің иесі де бар.
Тергеу ісі екі негізгі нұсқаны біріктіріп, шабуылды «Ислам мемлекеті – Уәлаят Хорасан» тобы ұйымдастырды деп есептейді. Сонымен қатар, шабуыл шетелдік арнайы қызметтердің қатысуымен және «Украина жоғары басшылығының мүддесі үшін» жасалды деген тұжырым ұстанылып отыр.
Алайда шабуылды нақты ұйымдастырғандар әлі күнге дейін анықталған жоқ.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
«Крокус Сити Холлда» болған қанды шабуылға қатысы бар негізгі төрт айыпталушы — Тәжікстаннан шыққан азаматтар: Далержон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзов. Олардың ең үлкені — 30-дан сәл асқан, ал ең жасы — 20-дан енді асқан.
Оқиға 2024 жылдың наурызында, кешкі сағат 8-ге жақын болған. Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласында көрермендер «Крокус Сити Холл» кешенінде басталуы тиіс «Пикник» тобының концертіне жиналып жатқан. Дәл сол сәтте көрме кешенінің №14 павильонына бір көлік келіп тоқтайды. Ішінен түскен төрт қарулы адам, тергеу болжамы бойынша — Мирзоев, Рачабализода, Фаридуни және Файзов — алдымен күзетшілер мен кіреберістегі адамдарға оқ жаудырған.
Оларға ешкім қарсылық көрсетпеген. Осылайша олар оп-оңай концерт залына дейін жетіп, ішінде отырған көрермендерге оқ атқан, әрі орындықтарды өртеп жіберген.
Шабуыл бар болғаны 18 минутқа созылған. Сағат 20:15 шамасында олар оқиға орнын тастап кеткен. Өрт тез арада бүкіл ғимаратты шарпыған. Ресми мәліметке сәйкес, 147 адам қаза тауып, 300-ден астамы жарақат алды, үшеуі із-түссіз жоғалған. Бұл — Ресейдің жаңа тарихындағы ең қанды шабуылдардың бірі. Құрбандар саны жағынан ол 2004 жылғы Беслан мектебін басып алу оқиғасынан кейінгі екінші орынға шығып отыр.
Тергеудің пайымдауынша, 31 жастағы Далержон Мирзоев — шабуылды ұйымдастырушы топтың негізгі мүшелерінің бірі. Ол шетелде жасырынған адамдардың нұсқауымен әрекет еткен. Оның өмірбаянындағы жалғыз радикалдық белгінің бірі — бірнеше жыл бұрын оның ағасы Сирияға кетіп, «Ислам мемлекеті» ұйымының жағында соғысқан және сол жерде қаза тапқан.