ЕрекшеҚоғам

Қожамжаров сияқтыларды Ресей билігі бауырына тарта беруі мүмкін – Бапи

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда бұрын ірі шенеунік болған Қайрат Қожамжаровты Қазақстанға дәл қазір қайтару қиын деп есептейді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұрын антикор мен бас прокуратураны басқарған Қайрат Қожамжаровтың үстінен Қазақстанда бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Алайда Қожамжаровтың Мәскеуде емін-еркін жүрген фотосуреттерін жақында Елмедиа арнасы таратқан еді.

Бүгін Мәжіліс кулуарында журналистер депутат Ермұрат Бапидан “Қожамжаровты Ресейден экстрадациялау мүмкін бе?” деп сұраған. Бапи екі ел арасында қылмыстық іс қозғағандарды алмасу жөнінде келісім болғанымен, Қожамжаров РФ қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің досы болғандықтан оны қайтару қиындау деп санайды.

«Қазақстан мен Ресей арасында қылмыстық іс әрекеттерге қатысы бар фигуранттарды бір-біріне беру туралы келісімшарттың бабы бар. Бірақ бұл жағдайда оның саяси астары бар: Қожамжаров – Ресейдің қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің досы. Осы тұрғыда біз оны Қазақстанға алдыра алмауымыз мүмкін», – деді Ермұрат Бапи.

Депутаттың айтуынша, Қайрат Қожамжаров сияқты адамдарды Ресейдің қазіргі билігі өзінің бауырына тарта беруі мүмкін. «Сондай адамдарды Ресей Қазақстанға қарсы саяси құрал ретінде пайдалануы мүмкін бе?» деген сұраққа Ермұрат Бапи былай жауап берді.

 «Қожамжаров саяси фигурант болып шығады деп ойламаймын. Саясаттағы мәселелер оның қолынан келмейді. Мемлекеттік саяси тұлға, саясаткер ретінде ол – 0! Қорқыту, үркіту, тізеге салу, тергеу деген сияқты мәселелердің ол мастері», – дейді Ермұрат Бапи.

ҚОЖАМЖАРОВҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС

Қыркүйекте экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қ.П. Қожамжаровқа қарсы тергеуді бастағанын хабарлаған еді.

Прокуратура мәліметінше, оған қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың жетекшілігімен жедел-тергеу топтары құрылған.

Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, бірнеше ай бұрын Қайрат Қожамжаров Қазақстаннан кетіп қалған. Бір мәліметтерге қарағанда, ол Мәскеуден пана тапқан.

Back to top button