ГеосаясатЕрекше

«Тарт қолыңды Гренландиядан»: Данияда АҚШ-қа қарсы наразылық өтіп жатыр

Копенгагенде Гренландияның АҚШ бақылауына өтуіне қарсы наразылық білдірген тұрғындар қала әкімдігі ғимаратының алдына жиналды. Осындай акциялар Данияның өзге қалаларында, сондай-ақ Гренландияның өзінде де өтіп жатыр, деп хабарлайды DW.

Данияның әр аймағында мыңдаған адам «Гренландиядан қолды тарт!» деген ұранмен наразылық акциясына шықты. Бұл туралы 17 қаңтар күні Reuters агенттігі хабарлады.

Копенгагенде демонстранттар қала әкімдігі мен муниципалдық кеңес орналасқан ратуша ғимаратының алдына жиналды. Жиналғандар «Гренландия сатылмайды!» және «Kalaallit Nunaat!» (аралдың гренланд тіліндегі атауы) деп ұрандатты. Олар автономды аумақтың қызыл-ақ түсті Erfalasorput туын да ала келген.

«Копенгагеннен жолданған үндеу анық та айқын: Гренландия – саудаға түсетін тауар емес», – деді Копенгаген мэрі Сиссе Мари Веллиң.

Ал dpa агенттігі «Kalaallit Nunaat-тан қолды тарт!» атты гренландиялық азаматтық бастаманың өкілі Поуля Йоханнессеннің сөзін келтіріп, наразылықтың негізгі талабы – Гренландия халқының өзін-өзі анықтау құқығын құрметтеу екенін хабарлады.

Сенатор Кунс: Гренландия – Данияның құрамындағы аумақ

AFP мәліметінше, 17 қаңтарда осындай акциялар Данияның өзге қалаларында да, сондай-ақ Гренландияның өзінде де өтуі жоспарланған.

Копенгагендегі шеру басталар алдында АҚШ Конгресінің кейбір мүшелері президент Дональд Трамптың мәлімдемесіне қарсы ұстаным білдірді.

«Гренландия – Данияның құрамындағы аумақ, ал Дания – НАТО-дағы одақтас мемлекет. Меніңше, талқылау осы жерден аяқталуы керек», – деді Делавэр штатынан сайланған демократ-сенатор Крис Кунс.

Германия Гренландияға әскери барлау тобын жіберді

Бұған дейін, 15 қаңтарда Германия Arctic Endurance («Арктикалық төзімділік») миссиясы аясында Гренландияға бундесвердің барлау тобын жолдаған. Олар Данияның шақыруымен НАТО-дағы серіктес елге, әсіресе теңіз кеңістігін бақылау бағытында, әскери қолдау көрсету мүмкіндіктерін зерделеп жатыр. Миссияға Франция, Швеция және Норвегия сарбаздары да қатысуда.

Ақ үйдегі келіссөздер нәтижесіз аяқталды

14 қаңтарда Вашингтонда Дания мен Гренландияның сыртқы істер министрлері – Ларс Лекке Расмуссен мен Вивиан Моцфельдт АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс және мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен кездесті. Алайда тараптар нақты келісімге келе алмады.

Моцфельдт Ақ үймен ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін айтқанымен, Гренландияның АҚШ бақылауына өтуіне қарсы екенін атап өтті.

АҚШ-тың Гренландияға қатысты мәлімдемелері

Гренландия – Данияға қарайтын автономды аумақ әрі ол НАТО құрамына Дания арқылы кіреді. Дональд Трамп аралдың АҚШ ұлттық қауіпсіздігі үшін маңызды екенін, сондай-ақ Арктикадағы ахуалға Ресей мен Қытай белсенділігінің күшеюі әсер етіп отырғанын мәлімдеген. Сонымен қатар ол Гренландия АҚШ жоспарлап отырған «Алтын күмбез» (Golden Dome) атты зымыраннан қорғаныс жүйесіне де стратегиялық тұрғыда қажет екенін айтқан.

Бұған дейін Трамп Вашингтон Гренландияға «қалай болғанда да» бақылау орнатуы тиіс екенін мәлімдеген еді. Ақ үй де АҚШ армиясын тарту мүмкіндігі «нұсқалардың бірі» ретінде қарастырылуы ықтимал екенін жоққа шығармаған. Сарапшылардың пікірінше, бұл дау НАТО ішіндегі бірлікке сызат түсіру қаупін күшейтіп отыр.

Back to top button