Конституцияны қайта жазу ұсынылды
Конституциялық комиссия отырысында қолданыстағы Ата заңға ауқымды түзетулер енгізумен шектелмей, Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау мәселесін қарастыру жөнінде ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫ НЕ ДЕЙДІ
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева талқыланып жатқан өзгерістер 1995 жылғы Конституцияға жасалатын жекелеген түзетулер аясынан әлдеқайда асып түсетінін мәлімдеді.
Оның сөзінше, әңгіме мемлекеттік құрылымның бүкіл архитектурасын, құқықтар мен бостандықтарға берілетін кепілдіктер жүйесін, сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін терең қайта қарау туралы болып отыр.
«Бұл – Конституция мәтінін бүгінгі шындыққа бейімдеу болып саналмайды. Бұл бізді жекелеген, үзік-үзік түзетулерге емес, тұтас жаңа мәтін қабылдауға жетелейтін кешенді өзгерістер», – деді Дания Еспаева.
Ол «Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, егер нормативтік құжаттың жартысынан астамы өзгертілсе, оның жаңа редакциясы қабылдануы тиіс екенін еске салды. Еспаеваның айтуынша, Конституцияға қатысты бұл талап іс жүзінде орындалып та қойған.
Осыған ұқсас ұстанымды мәжіліс депутаты Айдос Сарым да білдірді. Оның айтуынша, өзгерістер Конституцияның 77 бабын қамтыған, бұл Ата заң мәтінінің 80 пайызынан астамын құрайды.
ПРЕАМБЛУА ҚАНДАЙ БОЛМАҚ
Айдос Сарым болашақ Конституция преамбуласына да жеке тоқталды. Оның сөзінше, президент ұсынған тұжырымдар мемлекеттің қалыптасу кезеңінен кемелденген әрі жауапты даму сатысына өтуін айқын көрсетеді.
«Алдыңғы преамбула енді ғана қалыптасып жатқан мемлекеттің шынайы келбетін бейнеледі. Ал жаңа преамбула – алға ұмтылған, өз жауапкершілігін сезінетін кемел қоғамның таңдауы», – деді депутат.
Ол преамбула формалды кіріспе ғана емес, бүкіл құжаттың идеялық іргетасы мен моральдық бағдары болуы тиіс екенін, онда Конституциялық комиссияның бірнеше айлық жұмысы нәтижесі ықшам түрде көрініс табуы қажет екенін атап өтті.