Көліктің қысқы дөңгелегін ауыстырмағандарға қанша айыппұл салынады
Қазақстанда 1 желтоқсаннан ақпан айының соңына дейін жеңіл автокөліктерді қысқы шинасыз пайдалануға тыйым салынады. Бұл талапты бұзған жүргізушілерге 2026 жылы 21 625 теңге айыппұл салынады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне сәйкес, желтоқсан, қаңтар және ақпан айларында жеңіл автокөліктер қысқы шиналармен жабдықталуы тиіс.
Қысқы шиналарды көліктің барлық дөңгелегіне орнату міндетті.
Міндетті мерзім 1 желтоқсаннан басталғанымен, ауа райы ерте суытып, жолды қар немесе мұз басса, шиналарды алдын ала ауыстырған жөн. Көлікті қысқа дайындау кезінде нақты жол жағдайын ескеру қажет.
Қысқы шинасыз жүргені үшін қандай айыппұл салынады
Қыс мезгілінде жазғы шинамен көлік басқарғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес 5 АЕК айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болғандықтан, айыппұл мөлшері 21 625 теңгені құрайды.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы құқық бұзушылық қайталанса, кодекстің 590-бабының 10-бөлігі бойынша айыппұл 20 АЕК-ке, яғни 86 500 теңгеге дейін өседі.
Жүргізушілер қысқы шиналарды уақытылы орнатумен қатар, жылдамдықты ауа райы мен жол жағдайына қарай таңдап, қауіпсіз арақашықтық сақтауы керек.