Көлігін қымбатқа сатқан қазақстандықтар салық төлей ме
Қазақстанда көлік сатып алған соң бір жыл өтпей, әуелгі бағасынан қымбатқа сатқан азаматтар құн өсімінен жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті. Мұнда салық көліктің толық құнынан емес, сатып алу мен сату бағасы арасындағы айырмашылықтан есептеледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тұрғындар қашан ЖТС төлеуге міндеттеледі
Бұл жөнінде Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері хабарлады. Олар көлік сатқанда салық қандай жағдайда туындайтынын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Құн өсімінен табыс мына екі шарт қатар орындалса пайда болады:
- Ел аумағында тіркелген автокөлікті мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап бір жыл өтпей сату;
- көлікті сатып алған бағасынан қымбатқа сату.
Айталық, қазақстандық нөмірлі көлік бір жыл, яки одан ұзақ уақыт меншікте болса, оны пайдамен сатса да, құн өсіміне салық төлеудің реті жоқ.
Ал шетелде тіркелген темір тұлпарларға қатысты тәртіп басқалай: мұндай көліктерді сатқанда иелену мерзімі ескерілмейді. Егер сату бағасы бастапқысынан жоғары болса, салық туындауы мүмкін.
Сол бағамен немесе арзанырақ сатылып кеткен көлікке ЖТС салынбайды.
Салық көлемі қандай
ЖТС көліктің толық құнынан емес, сатып алу және сату бағасының арасындағы оң айырмашылықтан есептеледі.
Биыл салық мөлшерлемесі:
- 8 500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10%;
- 8 500 АЕК-тен асатын бөлігіне – 15%.
Мәселен, кез келген тұрғын көлікті 10 млн теңгеге сатып алып, сегіз айдан соң 12 млн теңгеге сатса, құн өсімі 2 млн теңге болады. Демек, бұл жерде төленетін ЖТС – 200 мың теңге.
Техникалық қызмет көрсету, жөндеу, сондай-ақ тюнингке жұмсалған шығындар салық салынатын табысты кемітпейді.
Декларация тапсыру мерзімі
Салық салынатын табыс пайда болған жағдайда жеке тұлға 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруы тиіс.
Декларация көлік сатылған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсырылуы тиіс. Ал салықты декларация тапсыру мерзімі біткеннен кейінгі 10 күнтізбелік күн ішінде төлеу қажет.
Айтавлық, көлік осы жылы сатылса, декларацияны 2027 жылғы 15 қыркүйекке дейін тапсырып, ЖТС-ты қыркүйек айының 25-не дейін төлеу қажет.