
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Қаратоғай ауылының тұрғындары сапалы интернеттің жоқтығына әлі шағымданып жүр. Былтыр жыл басында премьер-министр мен цифрлық даму министріне шағымданған тұста қаратоғайлықтар жергілікті биліктің «антенна-діңгек орнатылып, «Beeline» 4G ұялы байланыс технологиясы қосылады» деген уәдесін алған. Алайда одан бері бір жарым жыл уақыт өткен. Tizgin.kz порталына тұрғындар тағы шағымын айтты.
«ШАМАСЫ КЕЛГЕНДЕР БАЛАСЫН ҚАЛАҒА ЖІБЕРІП ЖАТЫР»
Қаратоғай ауылының тұрғындары маңайдағы ауылдардың бәріне интернет тартылып қойғанын айтады.
«Біз шекара түбіндегі ауылдың біріміз. Тұрғындар әкімге жылдық есеп беру кезінде ғаламтор мәселесін бір емес, бірнеше рет айтқан. Еш нәтиже жоқ. Бізге «Beeline келеді, келісім жасалады» деді. Бірақ ешқандай қимыл-қозғалысты көріп тұрған жоқпыз. Сапасы «Е» деген интернет шығып тұрады. Оның өзімен басқа жақтағы біреумен сөйлесу қиямет қайым. Әулие бірінші биіктік, Сарыоба екіншіші биіктік – осылар арқылы интернет тартылады дегелі міне, қаншама уақыт өтті», – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Қаратоғайдағы мектепте 50-ге жетпейтін бала қалған. Мұның да себебін ауыл тұрғындары интернеттің жоқтығынан көреді.
«Бәрі көшуді көбірек ойлайтын болды. Әсіресе жастар жағы. Жастар кетсе, бала жоқ, бала жоқ болса, мұғалім жоқ, мұғалімсіз мектеп жабылса, құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрмыз. Ауылға бала келмейді, қойшы «ауылдарыңда интернет жоқ» деген жауап аламыз. Көшелеріміз қаңырап бос қалып барады. Интернет жоқ жерде қайдағы білім, шамасы келгендер балаларын қала мектептері не оқуға жіберіп жатыр», – дейді Қаратоғай ауылының тағы бір тұрғыны.
ӘКІМДІК STARLINK ҚОСУҒА КЕҢЕС БЕРЕДІ
Tizgin.kz порталы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атына осы мәселе жөнінде ресми сауал жолдаған. Жауап Күршім ауданы әкімінің орынбасары А. Ижимовтен келді. Жауабында ол 2023 жылы Жолнұсқау, Үшбұлақ, Қаратоғай ауылына антенна-діңгек құрылысын салу жобалары құжаттармен мақұлданып, 2024 жылы қаражат бөлінгенін хабарлайды. Конкурста «Амангелді ауылының солтүстік-батысына қарай 7,3 шақырым биіктікте 40 метрлік антенна-діңгек құрылысын салу жобасын мердігер «Древстроймаркетинг» ЖШС ұтып, 177,2 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Одан бөлек, «Егіндібұлақ ауылының солтүстік-шығысына қарай 15 км биіктікте 35 метр антенна-діңгек құрылысын салу» жобасы бойынша мердігер «ТОО ТехСервисПроект» ЖШС мен 147,3 млн теңгеге №33 келісімшарт жасалған. Екі антенна бойынша да әкімдік «жұмыстар толық аяқталды» деп есеп береді.
«Амангелді, Егіндібұлақ ауылдары бойынша Beelinе, Tele2, Актив, Алтел, Kcell байланыс операторларымен келісім шарт жасауға өтінім 2025 жылдың 20 маусым айында берілді. 15.07.2025 жылы операторлар тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, 24.07.2025 жылы тексеру қорытындысы алынды. Бүгінгі күні байланыс операторларының ескертулері бойынша жұмыстар толықтай атқарылып, Beelinе операторымен шарт жасалды», – дейді жауабында Ижимов.
Әкімнің орынбасары жауабында «2025 жылдың аяғына дейін Beelinе байланыс операторы қажетті құрылғыларын орнату үшін жобаларын жасап, құрылғыларын орнатқаннан кейін ауыл тұрғындары Beelinе 3-4G интернет желісімен қамтамасыз етуді жоспарлауда» делінген.
Ресми жауапқа сәйкес, Қаратоғай орта мектебінде Starlink терминалы орнатылған. 200 мың теңгелік айлық абонент республикалық бюджет есебінен төленеді.
«Цифрлық даму министрлігі мен Starlink арасында келісімге қол қойылды. Ол сервис 2025 жылы 13 тамыздан бастап ресми іске қосылды. Келісім Starlink-ті Қазақстанның, әсіресе ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасын сақтауды міндеттейді. Осы келісімнің арқасында ел тұрғындары енді Starlink терминалдарын заңды түрде сатып алып, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады. Яғни, инфрақұрылым объектілері, әсіресе талшықты-оптикалық желілерді жүргізу экономикалық немесе техникалық жағынан қиын аудандарда қол жеткізе алады. Ол үшін әр жеке тұлға https://www.starlink.com/kz сілтемесі арқылы RESIDENTIAL (Үйде байланыста болыңыз, тарифі-айына 23 000 теңгеден бастап) батырмасын басу арқылы мекен-жайды жазып, келісім шартқа отыруға болады. Жалпы Starlink жиынтығы 201 000 теңгені құрайды», – делінген жауапта.
БАСҚАРМАНЫҢ ЖАУАБЫ
Шығыс Қазақстан облысының цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары А. Сапарғалиев Қаратоғайға интернет тарту үшін бюджет қаражаты есебінен биіктігі 45 және 35 метрлік екі антенналық діңгек конструкциясы салынғанын хабарлайды. Биыл 23 маусымда байланыс операторымен шартқа отыру үшін қажетті құжаттар мемлекеттік тізілімге енгізілген. Одан кейін «Кар Тел» ЖШС (Beeline) байланыс операторы діңгектерді тексеріп, орындарға барып ескертулерді анықтап, оны жоюы керек.
«25 тамызда байланыс операторы «Кар Тел» ЖШС-мен (марка – Beeline) қажетті құрал-жабдықтарды орнату үшін жалға беру шарты жасалды. Қазір ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін орнату мерзімі осы жылдың қазан айының соңына дейін белгіленген қондырғылар жеткізіледі деп күтілуде», – делінген жауапта.