Қазақстанда кейінгі бес жылда кинотеатрларда көрсетілетін отандық фильмдер үш есе көбейген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның депутаттардың сауалына берген жауабында жазылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Балаеваның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда 404 кинозалы бар 100-ге жуық кинотеатр жұмыс істейді, ал қажеттілік 2000 залға бағаланады.
«Кинотеатрлардың басым көпшілігі ірі 2 қалаларда орналасқан және өңірлерде, шағын қалалар мен ауылдарда жоқ. Кейінгі 5 жылда отандық фильмдерге деген жоғары сұранысқа қарамастан залдар саны өскен жоқ. Жылына еліміздің кинотеатрларында 400-ге жуық фильм көрсетіледі, оның ішінде қазақстандық кино: 2021 – 31, 2022 – 60, 2023 – 79, 2024 – 94, 2025 – 103 (25 % жалпы кинопрокаттан). Салыстыру үшін: Францияда (68 миллион халқы бар) шамамен 7000 кинотеатр жұмыс істейді, бұл дегеніміз 10 мың тұрғынға 1 зал барабар», – дейді Балаева жауабында.
Құрылысты мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай деңгейге қол жеткізілген. Сонымен қатар кинотеатрлар табыс әкелетін жеңіл ойын-сауық картиналарынан басқа ұлттық фильмдерді көрсетуге қызығушылық танытпайды. Мемлекет кинотеатрларға қолдау көрсетпейді және ұлттық фильмдердің көрсетілімдерін субсидияламайды.
«Кинотеатрлардың заңнамалық деңгейде мемлекеттік қолдау есебінен өндірілген фильмдерді көрсету міндеті туралы норманы енгізу реттеушілік әсерге талдау жүргізуді талап етеді, себебі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайды. 2019 жылы «Кинематография туралы» заңды әзірлеу және 2022 жылы өзгерістер енгізу кезінде осындай норманы енгізу жоспарланды, бірақ реттеушілік әсерді талдаудың оң қорытындысы алынбады. Сондай-ақ залдар санын ұлғайту және жаңа кинотеатрлар салу тұрғысынан елімізде одан әрі кино өнерін дамыту мәселесін қарастыру қажет», – делінген жауапта.
Халықты мәдени құндылықтар мен шығармашылық өнімдерге тең қолжетімділікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық фильмдердің көрсетілімдерін арттыру үшін министрлік:
– бюджет қаражатынан тыс немесе МЖӘ тетігі есебінен аудандар мен моноқалаларға баса назар аудара отырып, республика бойынша кинотеатрлар/көпфункционалды залдар ашуды;
– жергілікті атқарушы органдар есебінен мәдениет үйлерінде проекциялық жабдықтарды және/немесе жылжымалы кино қондырғыларын сатып алу мүмкіндігін қарастыруды;
– заңға кинотеатрлардың ұлттық киноны көрсету міндетін реттейтін түзету енгізуді ұсынғалы отыр.