Кеңес Рақышев жаңа мұнай-газ холдингін құрып жатыр
Кеңес Рақышевке тиесілі Fincraft Group компаниялар тобы өзіне қарасты мұнай-газ активтерін жаңа компания – Fincraft Energy Holding Limited-ке өткізуде. Кәсіпкер көмірсутектерді барлау, өндіру және өңдеу саласындағы жаңа жобаларға қатысуға бағытталған жаңа холдинг құруды көздеп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
КОМПАНИЯ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ
Fincraft Group-тың баспасөз қызметі «Курсивке» берген мәліметінде топ құрамындағы халықаралық мұнай компаниясы Tethys Petroleum Limited-тің 30,9 млн акциясы, яғни 26,95 пайызы 100 пайыздық еншілес құрылым – FG Limited жеке компаниясының пайдасына берілгенін хабарлады.
Жалпы алғанда, компаниялар тобы мұнай-газ активтерін басқаруды шоғырландыру және оңтайландыру үдерісінде. Осы мақсатта барлық актив өзге жеке құрылым Fincraft Energy Holding Limited-тің қарамағына өткізіледі.
Жаңа мұнай-газ холдингі капитал нарығында жұмыс істейді және қолданыстағы әрі болашақ мұнай-газ жобаларына ұзақ мерзімді инвестициялар тартумен айналысады. Негізгі міндет – қазіргі активтерді дамыту және көмірсутектерді барлау, өндіру мен өңдеу саласындағы жаңа жобаларға қатысу. Fincraft Energy Holding Limited-тің жалғыз акционері – Fincraft Group ЖШС-нің иесі Кеңес Рақышев, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Fincraft-та атап өткендей, жаңа компанияның құрылуы энергетика бағыты бойынша инвестицияларды басқару құрылымын оңтайландырып, жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
АРАЛДА ТІРКЕЛГЕН КОМПАНИЯ
Сондай-ақ компания Tethys Petroleum Limited-тің 100 пайыз акциясын сатып алу жоспарының күшінде екенін растады.
Бұған дейін Кеңес Рақышевтің барлық активін біріктіретін Fincraft Group холдингі Tethys Petroleum Limited компаниясындағы үлеске иелік етуді тоқтатқаны хабарланған болатын. 2025 жылдың қазан айында Fincraft Group мұнай-газ компаниясының 100 пайыз акциясын сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, Tethys Petroleum Кайман аралдарында тіркелген. Компания Қазақстанның Ақтөбе облысындағы мұнай мен газ кен орындарын барлау және игеру жұмыстарымен айналысады. Газ жобаларына Аққұлқа мен Қызылой кен орындары, ал мұнай жобасына Ақтөбе облысындағы Құл-Бас кен орны кіреді.