ҚР Қарулы күштері құрлық әскерлері Ақтауда полигоннан қайтып келе жатқан әскери қызметші жазым болғанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Құзырлы органның хабарлауынша, 14 қаңтарда Ақтау гарнизонының Оймаша әскери полигонынан бөлімшенің қайтып келе жатқан кезінде жол-көлік оқиғасы болған.
“Қолайсыз ауа райы жағдайында, яғни көктайғақ, көріну нашарлап, қараңғы түскен уақытта КамАЗ автокөлігі келісімшарт бойынша қызмет атқаратын кіші сержант Г. есімді әскери қызметшіні қағып кетті. Жарақат салдарынан әскери қызметші оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр”, – делінген хабарламада.
Қарулы күштердің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Отбасына заңнамаға сәйкес қажетті көмек көрсетілетінін хабарлайды.