Жол саласындағы тексеріс 8 млрд теңгенің заңсыздығын анықтады
Қазақстанда автомобиль жолдары саласына жүргізілген тексерулер барысында мемлекетке келтірілген залал шамамен 8 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл туралы Үкіметте жол саласын реформалау мәселелеріне арналған кеңесте Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өміралиев мәлімдеді.
“Жоспарлау мен құрылыстан бастап жолдарды пайдалануға дейінгі әртүрлі кезеңдерде жүйелі бұзушылықтар анықталды. Бүгінгі таңда анықталған заңбұзушылықтар бойынша 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Келтірілген залалдың алдын ала мөлшері шамамен 8 млрд теңгені құрайды. Тергеу жалғасуда”, – дейді Жандос Өмірәлиев.
Сонымен қатар прокуратура негізсіз жасалған шарттар мен мемлекеттік сатып алу жоспарларының күшін жою арқылы бюджет қаражатының 36 млрд теңгесін орынсыз жұмсауға жол бермеген.
Тексеру барысында бұрын жөнделген автомобиль жолдарына қайтадан тендер жариялау жағдайлары да анықталған. Олардың арасында мердігерлердің кепілдік міндеттемелері әлі күшінде тұрған жол учаскелері бар.