Жасөспірім ұлтаралық араздық қоздырғаны үшін сотталды
Абай облысында ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталған жасөспірім сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ӨЗІН «СКИНХЕДТЕР» ЖАҚТАУШЫСЫ САНАҒАН
Тергеу дерегінше, 2025 жылдың ақпанында жасөспірім Telegram мессенджерінде «Skinheads industries-Semey» атты чат ашқан. Өзін нәсілшіл «скинхедтер» қозғалысының жақтаушысы деп санаған, чатта да адамдарды ұлтына қарай қорлайтын мәтіндік және аудио хабарламалар жариялаған. Әсіресе Үндістаннан келген студенттер мен олардың мәдениетіне қатысты кемсітетін пікірлер айтқан.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол осылай Семейде экстремистік идеяларды таратуға тырысқан.
АЙЫПТАЛУШЫ ЖАҚ КІНӘСІН МОЙЫНДАДЫ
Мемлекеттік айыптаушы жасөспірімге 1 жыл 4 айға бостандығын шектеу жазасын сұрады. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот оның кәмелетке толмағанын, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын және кінәсін мойындағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Соның негізінде сот жасөспірімге 1 жыл 4 айға бостандығын шектеу жазасын тағайындады.