TOP-2Оқиға

Жаркентте баласын аяусыз сабаған әйелге заң бойынша шара қабылданды

Сот шешімімен әйел қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, бірақ бостандыққа жіберілген жоқ

Биыл қаңтардың соңында әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірген оқиғаның жалғасы турасында жаңалық пайда болды. Жетісу облысы Панфилов аудандық соты төрт жасар ұлын ұрып-соққан әйелдің ісіне нүкте қойды, деп хабарлайды Orda.kz.

Әйел қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі («кәмелетке толмаған адамды қасақана азаптау») бойынша жауапқа тартылған. Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылы 18 қаңтарда бала жуынатын бөлмеде кранды ашық қалдырған. Су бөлмені басып кеткен. Мұны көрген анасы баланы батареяға байлап, ұрып-соққан. Соққылар денесінің әр жеріне тиген.

Оқиғаны отбасының құрбысы видеоға түсіріп, кейін жазбаны мессенджерлерге жариялаған.

Әкесі үйге оралған соң ұлын ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер баланың маңдайы мен арқасы көгергенін, терісінің асты жарақаттанғанын анықтаған.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, бейнежазбамен және сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

«Аталған әрекеттің жасалғаны куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелерді қарау хаттамаларымен, оқиғаның бейнежазбасымен, амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама қорытындысымен және қылмыстық істің өзге материалдарымен расталады», – деп нақтылады Панфилов аудандық сотының баспасөз қызметі.

Мамандар әйелдің туа біткен психикалық ауытқушылығы, жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі барын анықтаған. Сондықтан ұрып-соғу сәтінде ол өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмаған. Сонымен қатар психикалық жағдайына байланысты сот процесіне қатыса алмаған.

Сот әйелді қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлі емдеуге жіберді. Балалар, соның ішінде зардап шеккен бала, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Өткен айда Жаркентте баласын аяусыз сабаған әйел қамауға алынған еді. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерге тарап, көпшіліктің жағасын ұстатқан.

Back to top button