Жағын сындырған – Отарда сарбаз жарақат алып, іс қозғалды
Гвардейск гарнизонының Әскери полициясы әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметшіге қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Оқиға салдарынан әскери қызметшілердің бірі жақ сүйегінен жарақат алды. Зардап шеккен әскери қызметші Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальға жатқызылды. Оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде, денсаулық жағдайы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
– Аталған факт бойынша материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың, сондай-ақ жарғыға қайшы өзара қатынас фактісі туралы жоғары тұрған қолбасшылыққа дер кезінде баяндамаған және медициналық көмекті ұйымдастыруда кемшілік жіберген лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, –делінген Бас әскери полиция басқармасы ақпаратында.
ТЕРГЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Тергеу шаралары кезеңінде әскери бөлімнің бірқатар лауазымды тұлғалары қызметтік міндеттерін атқарудан уақытша шеттетілді.
– Тергеу қорытындысында кінәлілер Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Жағдай Қарулы Күштер басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, – делінген мәліметте.