ЕрекшеОқиға

Израиль соққы жасаған Катарда Қазақстанның 1500-ге жуық азаматы жүр

Бұл мәліметті Мәжіліс кулуарында журналистерге Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оның сөзінше, қазір Катардағы қазақстандықтарлы эвакуациялау мәселесі қарастырылып жатыр.

“Жағдайдың мән-жайын зерттеп отырмыз. Елшіліктен ақпаратты күтіп отырмыз. Президент кеше мәлімдемесінде бәрін айтты. Ең бастысы, біздің азаматтардың құқығы қорғалуы керек. Шешімге келу үшін мықты саяси себептер болуы керек, – деді Бақаев. 

Қазір Катарда Қазақстанның 1500-ге жуық азаматы жүр.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Израиль Дохадағы, яғни Катар астанасындағы ХАМАС штабына бірнеше соққы жасаған. Операцияның мақсаты – ХАМАС басшылығы болды. Жиналыста топ өкілдері АҚШ ұсынған Газадағы соғысты аяқтау жоспарын талқыламақ болған. Соққы жасалған сәтте ғимаратта нақты кімдер болғаны белгісіз. ХАМАС өкілдері соққы кезінде бүкіл топ басшылығы мәжілісте отырғанын растады. Олар сондай-ақ қозғалыс жетекшілері аман қалғанын мәлімдеді.

Радикалды топтың дерегінше, израильдік соққы салдарынан алты адам қаза тапқан, олардың ішінде Газа секторындағы ХАМАС жетекшісі Халиль әл-Хайяның ұлы – Хумам әл-Хайя бар.

Дүйсенбі күні Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац шетелде тұратын ХАМАС жетекшілерін «жойылу» қаупі күтіп тұрғанын ескертіп, егер топ тұтқындарды босатпаса және қару-жарақты тастамаса, Газаның қирайтынын мәлімдеген еді.

Израильдік БАҚ-қа берген сұхбатында жоғары лауазымды шенеунік соққының негізгі нысаналарының бірі ХАМАС-тың бас келіссөз жүргізушісі әрі саяси бюро төрағасының орынбасары Халиль әл-Хайя болғанын айтқан.

Back to top button