ГеосаясатЕрекше

Израиль ХАМАС-ты мәмілені бұзды деп айыптап, соққы жасады – БАҚ

Израиль үкіметі палестиналық «ХАМАС» қозғалысын бітім шартын бұзды деп айыптағаннан кейін, премьер-министр Биньямин Нетаньяху Газа секторы бойынша соққы беруді бұйырды, деп хабарлайды BBC. Ал Reuters агенттігінің мәліметінше, әуе соққысы әлдеқашан жасалған, деп хабарлайды  Tizgin.kz rus.Ism.lv-ға сілтеме жасап.

Израильдің әскери ұшақтары Газа секторына соққы берді. Бұл шешім премьер-министр Биньямин Нетаньяху ХАМАС қозғалысын бітім шартын бұзды деп айыптап, «қуатты шабуыл жасауға» бұйрық бергеннен кейін қабылданған, деп хабарлайды Reuters. Агенттік куәгерлер мен ХАМАС-қа тиесілі ақпарат көздеріне сілтеме жасап, соққылардың «Шифа» ауруханасы маңындағы аудандарға бағытталғанын жазады. Сонымен қатар, басылым құрбан болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат әзірге түспегендігін алға тартты.

Үкіметтің ресми мәлімдемесінде шабуылдың нақты себебі көрсетілмеген. Алайда Reuters израильдік әскери дереккөзге сілтеме жасай отырып, ХАМАС Израиль бақылауындағы анклав бөлігінде израильдік күштерге шабуыл жасап, атысты тоқтату режимін бұзғанын жазады. 

BBC хабарлауынша, бұған дейін Израиль ХАМАС қозғалысын тұтқындардың денелерін қайтару процесінде алдауға барғаны үшін айыптаған. Телеарна мәліметінше, алдыңғы күні бұл ұйым АҚШ-тың араласуымен жасалған бітім келісімі шеңберінде қайтаруға міндеттелген 28 мәйіттің 16-сын Израильге өткізгенін мәлімдеген. Алайда премьер-министр Биньямин Нетаньяху осыдан екі жыл бұрын қайтарылған тұтқын денесінің қалдықтарын алғанын мәлімдеді. Сот-медициналық сараптама нәтижесі де мұны растаған: мәйіт қалдықтары Газада әлі де қайтарылмаған 13 тұтқынның ешқайсысына тиесілі емес. Олар – 2023 жылдың 7 қазанында Nova музыкалық фестивалінде ХАМАС содырлары ұрлап әкеткен, сол жылы денесі табылған Офир Царфати есімді адамға тиесілі болған.

BBC мәліметінше, Офир Царфатидің отбасы алдыңғы кеште оның дене қалдықтарының бір бөлігі қайтарылғанын растаған.

Back to top button