Оқиға

Италиядағы музейден ұрылар әйгілі картиналарды ұрлап әкетті

Парма қаласы маңындағы Маньяни-Рокка қорының жекеменшік музейінен әйгілі импрессионистердің үш картинасы ұрланды. Ұрылар кіреберіс есікті бұзып, небәрі үш минуттың ішінде бақ арқылы сурет өнерінің жауһарларын іле жөнеліп, ізін суытқан, деп хабарлайды DW.

Парма қаласының маңындағы Маньяни-Рокка қорының жекеменшік музейінен белгілі импрессионистердің үш картинасы ұрланды. Полиция 29 наурыз күні ұрлық туралы ақпаратты Agence France-Presse агенттігіне растаған. Олардың мәліметінше, ұрлық бір апта бұрын 22-сінен 23 наурызға қараған түні жасалған. Ұрлықшылар қатарында Пьер Огюст Ренуардың кеш кезеңдегі «Балықтар» атты туындысы, Поль Сезаннның қарындаш және акварельмен салынған «Шие қосылған натюрморт» жұмысы және Анри Матисстің «Террасадағы одалиска» атты акварелі бар.

Бетін капюшонмен жасырған ұрылар кіреберіс есікті бұзып, небәрі үш минут ішінде бақ арқылы кескіндеме жауһарларымен бірге ізін суытқан. Маньяни-Рокка қорында бұл «бақылау жүйесі мен полиция және күзеттің жедел әрекетінің арқасында әрі қарай өршіген жоқ» деп бағаланған жоспарлы қылмыс екені айтылды. Ұрланған дүниелердің шамамен құны миллиондаған еуроға бағаланып отыр. Тергеу басталған.

Өнертанушы әрі коллекционер Луиджи Маньянидің атындағы қор оның жинаған кескіндеме жауһарларын сақтайды. Олардың қатарында Тициан, Альбрехт Дюрер, Питер Пауль Рубенс және Франсиско Гойя секілді шеберлердің туындылары бар. Бұл жекеменшік музей Италиядағы ең маңызды көркемөнер коллекцияларының бірі саналады.

Луврдағы ұрлық

Маньяни-Рокка қорындағы картиналардың ұрлануы – соңғы айлардағы өнер әлеміндегі жалғыз резонансты қылмыс емес. 2025 жылы 19 қазанда Париждегі Лувр музейінен француз монархтарының шамамен 88 миллион еуро тұратын әшекейлері ұрланған болатын. Қашқан кезде ұрылар императрица Евгенияның гауһар мен изумрудтармен безендірілген тәжін түсіріп алған.

Бұл іс бойынша бірнеше адам ұсталып, олардың бір бөлігіне айып тағылды. Алайда ұрланған әшекейлер әлі табылған жоқ. Хабарларға қарағанда, ұрылар тонаудан кейін көп ұзамай израильдік компания арқылы Луврмен байланысып, ақшалай сыйақыға ұрланған дүниелерді қайтаруды ұсынған, бірақ француз музейінің басшылығы бұл ұсынысты қабылдамаған.

Back to top button