Ит-мысық атуға 580 млн, сувенирге 28 млн теңге: күмәнді мемсатыпалуларды кім бақылап отыр
Tizgin.kz порталы қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілден БАҚ-та жарияланып жатқан күмәнді мемлекеттік сатып алуларға ведомство қаншалықты назар аударып отырғанын сұрады.
Дәурен Кеңбейілдің сөзінше, БАҚ-та күмәнді мемлекеттік сатып алулар жарияланған жағдайда ведомстовның ішкі аудит комитеті тексеру жасап, қорытындысын беретінін айтады. Егер сатып алулар заңсыз болса, тетіктер арқылы тосқауыл қоя алады.
“Егер БАҚ-та күмәнді сатып алу шықса, мемлекеттік ішкі аудит комитеті сатып алуды зерделейді. Заң аясында сатып алуларды қайтару, тоқтату немесе талаптарын өзгерту бойынша нұсқама береді. Бұл нұсқама мемлекеттік органдар үшін орындалуы тиіс міндетті нұсқама. Бұл нұсқама орындалмаса, бес күннен кейін ішкі аудит комитеті ден қою шараларын жасайды. Оған сәйкес, әкімшілік айыппұлға (207-бап) апарып соғады. Комитет мемлекеттік органға 4 негіздеме негізінде айыппұл сала алады”, – деді Дәурен Кеңбейіл.
Еске сала кетейік, tengrinews.kz басылымы былтыр күмәнді мемлекеттік сатып алулар тізімін жариялаған еді. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігіне қарайтын әскери бөлімдердің бірі 28 млн теңгеге сувенирлерге тапсырыс бергенін, ол тапсырысты бір көзбен өткізіп, бір ғана компанияға өтінім жібергенін жазған еді. Одан бөлек, мыңнан аса сувенирге екінші рет тапсырыс берілсе, тағы бірде жылан терісімен қапталған сағатты алуға да лот жарияланған.
Ал Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Алматы ветеринарлық қызметімен “қаңғыған ит-мысықтардың көзін құрту” үшін 580 млн теңгеге келісімге отырған.