Ирандағы жағдай Орталық Азия үшін дағдарыс па, әлде мүмкіндік пе – сарапшы пікірі
Таяу Шығыстағы соғыстың аймақтық геосаясатқа жаңа серпін беретін түрі бар. Экономист Алмас Чукиннің пайымдауынша, бұл жағдай Орталық Азия үшін тек саяси емес, стратегиялық-экономикалық тұрғыдан да шешуші кезең болуы мүмкін. Бұл жөнінде экономист әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Иран – Орталық Азияның Батысқа ашылар қақпасы
Экономист Алмас Чукин Иранның маңызын ең алдымен географиямен байланыстырады. Оның айтуынша, Орталық Азия елдері теңізге тікелей шыға алмайды, ал Иран – Батыс бағытындағы жалғыз табиғи дәліз.
«Мен тоқсаныншы жылдардың соңынан бері географиялық тұрғыдан Орталық Азия үшін ең маңызды ел – Иран екенін айтып келемін. Біз өңірде теңізге шығатын жол жоқ деп жиі айтамыз, ал Өзбекстан тіпті екі мәрте тұйықталған мемлекет саналады. Ал техникалық тұрғыдан алғанда, Иран – біздің Батысқа ашылатын теңіз қақпасы. Түрікменстан темір жолының Иранмен түйісетін нүктесінен Парсы шығанағына дейін небәрі 1200-1500 шақырым. Бұл Астанадан Алматыға дейінгі қашықтықпен шамалас. Осы жолды еңсерсеңіз, сіз Парсы шығанағындағы ірі порттарға жетесіз. Ол жерден Еуропа нарығына теңіз арқылы 3-4 аптада шығуға болады. Бұл Ресей арқылы ұзақ әрі қымбат логистикалық бағыттарға балама», – дейді Чукин.
Сарапшының пікірінше, Ирандағы ықтимал режим өзгерісі және санкциялардың алынуы Орталық Азия үшін «географиялық тұйықтан» шығудың нақты мүмкіндігіне айналуы ықтимал. Бұл – 80 миллион халқы бар, ресурстары мол, бірақ құрлық ішінде қысылған өңірдің әлемдік нарықтарға тікелей қосылуы деген сөз.
Соғыс логикасының өзгеруі және жаңа экономикалық шындық
Чукин қазіргі қақтығыстарды моральдық немесе саяси өлшеммен емес, экономикалық рационалдық тұрғысынан бағалайды. Оның айтуынша, әлемде соғыс жүргізудің логикасы түбегейлі өзгеріп жатыр.
«Мен соғысқа баға бермеймін – жақсы ма, жаман ба. Мен экономист ретінде нәтиже, шығын, тәуекел тұрғысынан қараймын. Қазір біз тек технологиялық артықшылықты емес, соғыс жүргізудің жаңа моделін көріп отырмыз. Соғыс ауқымды бомбалаудан емес, алғашқы минуттарда басшылықты жоюдан басталады. Бұл – тарихи үнсіз келісімнің бұзылуы. Бұрын егемен ел егемен елге тікелей тиіспейтін. Ал енді басқару өзегін жойсаң, жүйе күйрейді. Әсіресе қатаң бірорталықты режимдер құрылымдық тұрғыдан әлсіз. Бір адамға тәуелді жүйеде балама көшбасшы болмайды», – дейді экономист.
Оның пайымынша, қазіргі әлемде жерді немесе ресурсты басып алудың экономикалық мәні азайған. Жоғары технологиялық елді жаулап алу – тек қираған инфрақұрылым мен шығын. Сондықтан жаңа прагматикалық тәсіл қалыптасуда: тікелей басып алу емес, саяси жүйеге нүктелік ықпал ету.
Чукин бұл өзгерістердің Орталық Азия үшін де салдары болатынын айтады. Егер Иран тұрақты әрі санкциясыз экономикалық кеңістікке айналса, ежелгі сауда дәліздері қайта жанданып, өңірдің геоэкономикалық салмағы артады. Бұл – көлік-логистика, экспорт, инвестиция және өндіріс үшін мүлде жаңа мүмкіндіктер кезеңі.
Қорытындысында, сарапшы Ирандағы өзгерістер тек бір елдің тағдыры емес – бүкіл Еуразия кеңістігіндегі экономикалық тепе-теңдікті қайта қалыптастыруы мүмкін тарихи бұрылыс деп мәлім етті. “Қызықты кезең басталып келеді” дейді ол.
Таяу Шығыстағы шиеленіс
Израиль мен АҚШ бүгін Тегеранға қарсы алдын ала соққы жасағанын елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеді, деп хабарлайды Times of Israel басылымы. Иранның IRNA ақпарат агенттігінің дерегінше, Тегеранның орталығында жарылыстар естіліп, қала үстіне екі түтін бағаны көтерілген.
«Израиль мемлекеті Иранға превентивті соққы жасады. Соның салдарынан жақын арада Израиль мемлекетіне қарсы зымырандық және ұшқышсыз аппараттармен жасалатын соққы күтіледі», — деп келтіреді телеарна министрдің сөзін.
Кац елде төтенше жағдай режимі жарияланғанын мәлімдеді. Ал Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сиреналар қосылғанын және тұрғындарға паналау орындарының маңында болу қажеттігі жөнінде хабарламалар жіберілгенін хабарлады.
Иран Израиль соққы жасаған соң АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеме жасады.
Арада аз уақыттан кейін Иранның мемлекеттік телеарналары елдің көшбасшысы – аятолла Әли Хаменеи қаза болғанын растады.