Банк атауларында «халық» сөзін қолдануға тыйым салу жөніндегі депутаттар тобының бастамасына қатысты Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжатта Қазақстан Инвесторлар қауымдастығы ҚР Парламенті депутаттары тобының коммерциялық банктерге атауында «халық» сөзін қолдануға тыйым салу жөніндегі бастамасына байланысты алаңдаушылық білдіргені айтылған.
Ол шын мәнінде еліміздің қаржы нарығындағы жүйе құраушы институт – «Қазақстан Халық жинақ банкі» АҚ («Халық банкі») секілді нақты бір ойыншыға бағытталған. Біз бұл түзетудің талқылануының өзі, тіпті оның қабылдануы – еліміздегі құқықтық тұрақтылыққа, инвестициялық ахуал мен экономикалық даму перспективаларына айтарлықтай қауіп төндіреді деп есептейміз, – делінген.
Қауымдастық келесі маңызды жайттарға назар аударуды жөн санайды:
1. Конституциялық нормалар мен құқықтық қағидаттарға сәйкестігі
Бренд атауы – бұл компанияның заңмен қорғалатын зияткерлік меншігі мен жеке мүлкі. Қазақстан Республикасы Конституциясы жеке меншік құқығын қорғап, ешкім сот шешімінсіз өз мүлкінен айырылмайтынын нақты белгілейді.
Осыған байланысты, заң жүзінде тіркеліп, қолданыста жүрген атауға тыйым салу туралы заң қабылдау – Конституцияға қайшы келеді.
2. Инвестициялық ахуалға ықтимал кері әсері
Банк бренді – ондаған жылдар бойы қалыптасқан тарихи атау. Қолданыстағы заңды атауларға қатысты жаңа нормаларды кері күшпен қолдану – «заңның кері күші болмайды» деген негізгі құқықтық қағидатты бұзады.
Бұл жағдай халықаралық инвесторлардың елімізге деген сеніміне селкеу түсіріп, құқықтық жүйеміздің сенімділігіне күмән тудыруы мүмкін.
«Халық банкі» – акциялары Лондон қор биржасында (LSE) саудаланатын жария компания. Мұндай бастамаларды шетелдік инвесторлар акционерлер құқығына қысым ретінде қабылдауы ықтимал. Соның салдарынан Қазақстанның шетелдік капиталды тартуға бағытталған күш-жігері зая кетуі мүмкін.
3. Қаржылық тұрақтылыққа төнетін тәуекелдер
Мұндай бастама еліміздегі қаржы жүйесінің тұтастығы мен сенімділігіне қауіп төндіреді. Себебі сөз болып отырған ұйым – жүйелік маңызы бар банк. Атауды мәжбүрлі түрде өзгерту миллиондаған салымшылардың сеніміне селкеу түсіріп, қоғамда түсініспеушілік туғызуы ықтимал.
Нәтижесінде, бұл жағдай елдегі қаржы тұрақтылығына нақты қауіп төндіруі мүмкін.