Без рубрикиЕрекшеСараптама

Инвестиция және тағы да инвестиция: Жамбыл өңірінде қандай ірі жобалар іске асып жатыр

Ақорда қазір әкімдердің жұмыстағы қарым-қабілетін ең әуелі өңірге тарта алған инвестициясына қарап бағалайтын болған. Қазір бюджеттен дотация сұрап, қол жайып отыра беретін уақыт емес, керісінше салық базасын кеңейтіп, жаңа өндіріс ашып, тұрақты жұмыс орындарын көбейтетін аймақтар алдыңғы қатарға шығып келеді. Осындай бәсекеде Жамбыл облысы кейінгі екі жылда ірі жобалар пулын құрып, халықаралық және отандық инвесторларға есігін кең ашқан өңірдің біріне айнала бастаған.

Жаңа зауыттар, құс еті, шыны, кірпіш, медициналық бұйымдар, газ-инфрақұрылым, сүт фермалары мен химия өнеркәсібіндегі жаңа нысандар өңірде кейінгі жылдары көптеп бой көтере бастаған. Жамбылдағы осы өзгерістерді Tizgin.kz порталы да жергілікті кәсіпорындарды аралап, жоба бастамашыларымен кездесіп, өз көзімен көріп қайтты. Сапар барысында көрген-білгенімізді сайтқа түсіріп, өңір экономикасына, жұмыспен қамтуға және импортты алмастыруға қалай әсер ететінін тарқатып көрсетпекпіз.

БУ-ГАЗ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ. ӨҢІР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ТІРЕГІ

Жақында Жамбыл ауданының Әулиекөл ауылында қуаты 50 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысы басталды. Құрылыстың ресми түрде басталуына өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі қатысты. Бұл – өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтетін, экологиялық тұрғыдан таза әрі жоғары тиімділікке негізделген стратегиялық маңызы зор жоба. Инвестиция көлемі – 109 млрд теңге, жобаны «GES Мырзатай» ЖШС жүзеге асырып жатыр.

Компания инвестициялық жоба аясында жер телімін рәсімдеу, инженерлік іздестіру, жобалау және келісу жұмыстарын кезең-кезеңімен атқарып келеді. Электр станциясына 7 гектар жер бөлінген. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым таңдалып, гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілген, 185 метр тереңдікте ұңғыма бұрғыланған. Сондай-ақ газбен жабдықтау бойынша тиісті техникалық шарттар алынған.

Қытай инвесторы бастайтын құрылыс жұмыстарына шамамен 500 адам тартылады, ал станция толық қуатына шыққанда 80 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаның іске асырылуы Жамбыл облысының энергияға тәуелділігін азайтып, болашақта жаңа өндірістерді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз етуге негіз болады.

ҮЛГІЛІДЕГІ ҮЛГІЛІ ЗАУЫТ

Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылында шыңдалған шыны шығаратын «JS GLASS» зауыты биыл 4 маусымында іске қосылған. Индустриялық жобаны жергілікті кәсіпкер, «JS GLASS» ЖШС басшысы Жамалхан Ибрагимов өз қаржысы есебінен қаржыландырып, сәтті жүзеге асырған. Инвестиция көлемі – 1 млрд теңге.

Кәсіпорын жылына 100 мың шаршы метр шыңдалған шыны өндіре алады. Бүгінгі күнге дейін шамамен 43 мың шаршы метр өнім шығарылған. Өндірісте сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай заманауи технологиялар қолданылады. Шыны өңдеу кешенінде 40 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Зауыт ең әуелі өңірдің ішкі нарығын шыңдалған шынымен қамтамасыз етіп, артығын Алматы және Түркістан облыстарының құрылыс компанияларына жөнелтіп жатыр. Осылайша, бір жағынан импортқа тәуелділік қысқарса, екінші жағынан жергілікті кәсіпорындар үшін құрылыс материалдарына қолжетімділік артады.

ӨНІМ САҚТАЛАТЫН ҚОЙМА. «АЙЫМКҮЛ» МЕН «TRZ AGRO»

Байзақ ауданының Қостөбе ауылында 2025 жылдың тамызында заманға сай көкөніс сақтау қоймасы іске қосылған. Жобаның идеясын кәсіпкер Дәурен Тәжібеков көтеріп, оны «Айымкүл» ЖК негізін қалаушысы Айымкүл Нұрботаева жүзеге асырған. Жаңа қоймада 15 мың тоннаға дейін көкөніс пен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде мұнда 1 мың тонна пияз қоймаға түсірілген.

Нысанның жалпы жер аумағы 4,3 гектарды құрайды. Қоймада 4 тұрақты және 10 маусымдық жұмыс орны ашылған. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 930 млн теңге, оның 680 млн теңгесі – кәсіпкердің жеке қаражаты, ал 250 млн теңге – Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін енгізу аясында бөлінген бюджет қаражаты.

Бұл жоба «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы (СҚО үлгісін тарату) шеңберінде қолдау тапқан. 2024 жылы осы бағдарлама аясында бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлініп, 15 инвестициялық жобаға демеу көрсетілген. Олардың қатарында қуаты 400-ден 600 басқа дейінгі 4 тауарлы сүт фермасы, 6 көкөніс сақтау қоймасы, 3 қайта өңдеу жобасы, 1 балыққа арналған жем өндіру және 1 су үнемдеу технологиясы жобасы бар.

Ал Жамбыл ауданының Қоңыртөбе ауылында «TRZ AGRO» ЖШС заманауи көкөніс сақтау қоймасын салып жатыр. Жобаның жалпы құны – 2,1 млрд теңге. Қойманың жобалық қуаты жылына 12 мың тонна көкөніс өнімін сақтауға есептелген. Солтүстік Қазақстан облысының тиімді тәжірибесін енгізу мақсатында мемлекет осы бастамаға 995 млн теңге көлемінде қолдау көрсеткен.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр, нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаның ерекшелігі – қоймаға Голландия, Италия және Ресейде жасалған заманауи қондырғылар орнатылып, голландиялық технология бойынша еден асты вентиляция жүйесі қолданылмақ. Бұл – облыстағы бірінші осындай қойма.

ҚҰС ЕТІ БОЙЫНША ЕЛДЕГІ ЕКІНШІ ІРІ ЖОБА

Жамбыл облысында жылына 70 мың тонна құс етін өңдеуге қауқарлы зауыт іске қосылып, ашылуына өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің өзі қатысты. Бұл зауыт құс шаруашылығы бойынша елдегі екінші ірі кәсіпорынға айналды (Макинск құс фабрикасынан кейін). Жобаны «Алель Агро» акционерлік қоғамы жүзеге асырып, жалпы 19,8 млрд теңге инвестиция салған.

«Алель Агро» АҚ-ның Жамбыл филиалы – құс шаруашылығы саласында толық өндірістік циклды жүзеге асыратын жетекші компаниялардың бірі. Олар балапанды инкубациялаудан бастап, құсты өсіру, ет өндіру және дайын өнімді нарыққа шығару сатыларының барлығын өздері атқарады. Кәсіпорынның қазіргі қуаты – жылына шамамен 10 мың тонна құс етін өндіруге жеткілікті, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш айтарлықтай ұлғаюы тиіс. Зауыт басшылығы тиімділікті арттыру үшін жаңа технологиялар енгізіп, өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртып келеді.

Жамбыл филиалы 2019 жылы жұмысын бастаған. 2020 жылы жылына 10 мың тонна өнім өндіретін ет өңдеу зауыты іске қосылды. 2021 жылы жалпы қуаты 10 мың тонна болатын екі бройлер құс фабрикасы пайдалануға берілді. 2022 жылдан бері жылына 84 мың тонна құрамажем шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. 2023 жылы қуаты 13,5 млн тәуліктік балапан өндіретін заманауи инкубатор іске қосылған.

«ТАРАЗ» ШАҒЫН ӨНЕРКӘСІП АЙМАҒЫ

Жамбыл облысында алғаш рет шағын өнеркәсіптік аймақ пайдалануға беріліп отыр. Бұл – шағын және орта бизнеске арналған, дайын инфрақұрылымы бар кешен. Жобаны іске асыруға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдау көрсетіп, бастамашы ретінде «I Cons» ЖШС шыққан. Құрылысы 2024 жылдың қыркүйегінде басталған аймақ қазір толыққанды жұмыс істей бастаған.

Шағын өнеркәсіптік аймақ «Тараз» индустриялық аймағының аумағында орналасқан. Мұнда кәсіпкерлерге дайын өндірістік корпустар ұсынылады, бұл бастапқы инвестиция көлемін едәуір азайтып, өндірісті қысқа мерзімде жолға қоюға мүмкіндік береді. Кешенде жалпы аумағы 10 000 шаршы метр болатын төрт өндірістік корпус бар. Онда шыңдалған шыны, фиброцемент плиталары және есік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар қоныстанған.

Өндірілген өнімге қазірдің өзінде сұраныс жоғары. Мәселен, BI Group сияқты ірі құрылыс компаниялары бұл материалдарды тұрғын үй және әлеуметтік нысандар салуда белсенді пайдаланып отыр. Фиброцемент плиталарын шығаратын кәсіпорынның қуаты – жылына 140 мың шаршы метр, ал есік жасайтын цех жылына 200 мың дана өнім өндіре алады. Бұл өнімдер жаңа форматтағы жайлы мектептер құрылысына да қолданылуда.

Жоба іске қосылуының арқасында шамамен 100 жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың III тоқсанында толық аяқталған жобаның экономикалық қайтарымы қазірдің өзінде байқалады: барлық ғимараттар пайдалануға беріліп, кәсіпорындар тұрақты режимде жұмыс істеп, өнімдеріне сұраныс артып отыр.

КІРПІШ ЗАУЫТЫ. ТОЛЫҚ АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ӨНДІРІС

Байзақ ауданының Диқан ауылдық округінде орналасқан «Ескермес» кірпіш зауыты құрылыс индустриясын дамытуға арналған маңызды жоба саналады. Кәсіпкер Берік Жүсіпов бастаған бұл жобаға 2,5 млрд теңге инвестиция тартылған.

Зауыт жылына 36 млн дана күйдірілген кірпіш шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын 2025 жылдың 4 шілдесінде іске қосылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін бермек.

Зауытта қазіргі таңда 3 адам тұрақты жұмыс істейді, маусымдық кезеңде жұмысшылар саны 15 адамға дейін көбейеді. Барлық негізгі құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан сатып алынған, өндіріс толық автоматтандырылған. Алдымен топырақ, су және көмір арнайы станокта араластырылады, содан кейін қоспа тығыздалып, кірпіш пішініне келтіріледі. Бұдан соң кірпіштер пешке салынып, алдымен 400 градус температурада кептіріліп, кейін 800 градус ыстықта күйдіріледі. Суыған өнімдерді арнайы роботтар жинап, ретке келтіреді.

Кәсіпорынның дайын кірпіші еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп, жақын шетел нарықтарына да экспортталады. Осылайша, Жамбыл кірпіші ішкі нарықтағы сұранысты ғана жауып қоймай, экспорттық брендке айналу әлеуетіне ие.

ГАЗБЕН ЖҮРЕТІН КӨЛІКТЕРГЕ АРНАЛҒАН «КӨК ДӘЛІЗ»

Жамбыл облысында «QazMetanPro» ЖШС инвестициясымен жаңа автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы (АГТКС) пайдалануға берілген. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге, қаржыландыру толықтай жеке қаражат есебінен жүргізілген.

Жаңа станция тәулігіне 500 көлікті газбен толтыруға есептелген. Мұнда жүк және жолаушылар көліктеріне, сондай-ақ транзиттік көліктерге қызмет көрсетіледі, оның ішінде Қытай – Ресей – Өзбекстан бағытындағы халықаралық маршруттағы көліктер де бар. Нысан Оңтүстік Корея мен Германияның жетекші өндірушілерінің жабдықтарымен жасақталған, бұл тиімділік, қауіпсіздік және экологиялық стандарттарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Жобаның іске асырылуы нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны ашылған. Көлікте моторлық отын ретінде табиғи газды қолдану көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтып, тасымалдаушылардың эксплуатациялық шығындарын төмендетеді.

Қазіргі таңда Кордай ауданында дәл осындай АГТКС құрылысы жүріп жатыр. Пайдалануға берілген станциямен бірге олар Өзбекстаннан Алматыға дейінгі бағытты қамтитын «көк дәлізді» құрайды. Бұл дәліз елдің оңтүстігіндегі газмоторлық көлік үшін негізгі маршрутқа айналып, халықаралық логистика мен транзиттік тасымалдарды дамытуға жаңа мүмкіндік береді.

Келесі жылы бағдарлама аясында жалпы құны 3,8 млрд теңгеге 50 газбен жүретін автобус сатып алу (бір автобустың құны – 76 млн теңге) және 1 млрд теңгеге көліктерге техникалық қызмет көрсету мен сақтауға арналған жаңа автобус паркін салу жоспарланып отыр.

СҮТ ФЕРМАСЫН БАСТАҒАН КӘСІПКЕР

Кәсіпкер Азат Сатанлв Жамбыл ауданының Еңбек ауылында жыл соңына дейін ірі тауарлы сүт фермасын ашуды жоспарлап отыр. «AzNur AGRO» жобасы өңірдің мал шаруашылығы саласындағы стратегиялық жоба ретінде қарастырылған. Жалпы құны – 1,7 млрд теңге, оның ішінде 1,3 млрд теңге Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін енгізу мақсатында бюджет есебінен бөлінген.

Ферма жылына 3,2 мың тонна сиыр сүтін өндіруге есептелген. Нысан іске қосылғанда 30 жаңа жұмыс орны ашылады. Өнімділікті арттыру үшін 400 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара Ресей Федерациясынан және ел ішінен сатып алынады. Қазіргі таңда 200-ден астам голштин тұқымды сиыр жеткізілген. Жоба бастамашысы Азат Сатановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының шамамен 80 пайызы аяқталған.

Бұл ферма облыстағы алғашқы толық цифрландырылған сүт кешені болмақ. Мұнда бір мезетте 16 бас сиырды саууға мүмкіндік беретін карусельді қондырғы орнатылып, малды толық басқару жүйесі енгізіледі. Қорадағы ылғалдылық, температура және желдету автоматты түрде реттеліп, мал қораларының асты өздігінен тазаланып отырады. Жоба қуаттылығы 400 басқа есептелгенімен, болашақта 600 басқа дейін кеңейту мүмкіндігі бар. Бір сиырдың орташа сүт өнімділігі жылына 8 мың килограммға дейін жетеді деп жоспарланған.

Аталған жоба «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасы аясында іске асып жатыр. Жалпы алғанда, Жамбыл облысында бүгінде 50 бастан жоғары мал ұстайтын 45 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Өңірде мал саны 3,8 млн басқа жеткен.

МЕДИЦИНА БҰЙЫМДАРЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ

Жамбыл ауданы Айша бибі ауылында орналасқан «Super-pharm» ЖШС фармацевтикалық кәсіпорны – өңірдің денсаулық сақтау саласын сапалы медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отырған және импортты алмастыруға бағытталған маңызды өндіріс алаңы. Кәсіпорынды Қайрат Қаймолдаев басқарады. Компания 2006 жылдан бері медициналық қызмет көрсетіп, сондай-ақ медициналық құрал-жабдықтарды көтерме және бөлшек саудада өткізіп келеді. 2011 жылы тоқыма емес материалдардан жасалған бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын алғашқы өндірістік желі іске қосылса, 2019 жылы пластырь түріндегі және пластмасса негізіндегі медициналық өнімдер шығаратын екінші желі пайдалануға берілді.

2022 жылы тоқыма емес материалдар өндірісіне арналған жаңа зауыттың іске қосылуы кәсіпорын қуатын едәуір арттырды. Өндірістік аумағы 8,92 гектарды құрайтын кешеннің жалпы көлемі 78 200 м² болса, оның 58 200 м² бөлігі тікелей өндірістік мақсатта пайдаланылады. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 2,8 млрд теңге.

«Super-pharm» бүгінде бірнеше бағыт бойынша өнім шығарады: тоқыма емес материалдардан жасалған медициналық бұйымдар, пластмасса өнімдері, рулонды лейкопластырьлар және пластырь типіндегі бұйымдар және әртүрлі өлшемдегі спиртті сүрткіштер.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша кәсіпорында жалпы құны 6 930,6 млн теңгені құрайтын 8 735 мың дана бір реттік медициналық бұйым өндірілген. Бұл – Жамбылдағы фармацевтика секторының да айтарлықтай дамып келе жатқанын көрсетеді.

АЛҒАШҚЫ СОДА ЗАУЫТЫ

Ал Сарысу ауданында түркиялық ірі инвестор – CoreX Holding компаниясының қатысуымен «Qazaq Soda» ЖШС жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба – өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бастама.

Жоспар бойынша, жылына 500 мың тонна кальциленген сода өндірісі жолға қойылады, кейін бұл көрсеткіш 1 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 800 млн АҚШ доллары, оның I кезеңіне – 400 млн, II кезеңіне тағы 400 млн доллар қарастырылған. Құрылыстың ең қызған шағында 1000 уақытша жұмыс орны ашылса, өндіріс толық іске қосылғанда шамамен 300 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Қазір Қазақстанның кальциленген содаға жылдық қажеттілігі 350–400 мың тонна көлемінде. Алайда елде бұл өнімді шығаратын зауыт болмағандықтан, сұраныс толықтай импорт есебінен жабылып отыр. Негізгі тұтынушылардың қатарында «Алюминий Қазақстан» АҚ, «Ақтөбе хром қоспалары зауыты» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «Қазцинк» ЖШС, «ORDA GLASS LTD» ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар бар.

Кальциленген сода металлургия, химия, тағам, текстиль және тұрмыстық химия салаларында кеңінен пайдаланылады. Қазіргі таңда өнімнің әлеуетті сатып алушылары анықталған. «Qazaq Soda» ішкі нарық сұранысын толық жауып қана қоймай, экспортқа да шыға алатын өндіріс болуды көздеп отыр. Жоба іске асқанда, жылына шамамен 150 млн АҚШ долларына тең импортты алмастыру мүмкіндігі пайда болады.

Биыл жобаға 70 млрд теңге инвестиция бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Ірі өндіріс 2026 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

«ЕВРОХИМ-ҚАРАТАУ»: ЖАҢА ХИМИЯ КЛАСТЕРІ

Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі – «ЕвроХим» тобы «Қаратау» фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру аясында ірі жоба іске асыруда. Жоба шеңберінде жылына 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыш пен индустриалды өнімдер шығаратын химиялық зауыт салу жоспарланған.

Жаңа өндіріс экологиялық тұрғыдан дәстүрлі фосфор зауыттарынан ерекшеленеді: қосымша өнім ретінде фосфогипс қалдығын шығару орнына, кальций хлориді мен синтетикалық гипс алынады. Бұл – қалдықсыз өндіріс моделіне жақын технология. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрайды.

Жобаны іске асыру екі кезеңге бөлінген:

  • I кезең – жылына 800 мың тонна қуаты бар күкірт қышқылы өндірісін салу (мерзімі – 2025 жыл);
  • II кезең – негізгі өндірістерді іске қосу: дикальцийфосфат, калий сульфаты, кальций хлориді және синтетикалық (химиялық) гипс шығару (мерзімі – 2026 жыл).

Толық қуатына шыққанда зауыт жылына кемінде 1 млн тонна минералды тыңайтқыш пен индустриалды өнім өндіреді. Құрылыс кезеңінде 2 000 адам жұмысқа тартылса, пайдалануға беру кезеңінде кемінде 1 200 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады, ал сервис ұйымдарында және аутсорсинг құрылымдарында қосымша 500 жұмыс орны құрылады.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарына 680 адам мен 77 бірлік техника тартылған. Бұл жоба Қазақстан шаруаларын жаңа буынды тыңайтқыштармен қамтамасыз етіп, агроөнеркәсіптік кешеннің өндірісін ұлғайтуға ықпал етпек.

«БІЗДІҢ ТАЛАБЫМЫЗ – ШЫНАЙЫ ИНВЕСТОР»

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев үшін инвестор таңдаудағы басты өлшем – оның шынайылығы мен өңірге келіп, нақты жұмыс істеуге дайындығы. Мұны әкімнің өзі айтады.

«Біздің инвесторларға қойып отырған ең басты талабымыз – ол шынайы инвестор болсын дейміз. Өзінің қаражатын әкеліп, жұмыс орындарын ашса, сол арқылы елге пайдасын тигізіп, адал табысын тапса дейміз», – дейді әкім.

Өңір басшысының айтуынша, облыс көп жылдан бері республикалық бюджетке тәуелді, дотациялық өңір ретінде қалыптасқан. Сөзінше, бұл кеше немесе өткен жылы ғана пайда болған емес, жылдар бойы жалғасып келе жатқан жүйелі мәселе. Соған байланысты өңір билігі алдымен экономикалық талдау жүргізіп, екі негізгі бағытты айқындаған.

«Осы жағдайды өзгерту үшін не жасаймыз деп, сараптама жасадық. Бірден-бір төте жолы – ірі инвестициялық жобаларды әкелу, жұмыс орындарын құру. Екінші жолы – ірі кен орындарын пайдаланып, ірі салық төлеушілерді өңірге қайтару», – дейді облыс әкімі.

Соңғы екі жылда осы бағытта айтарлықтай қадам жасалғанын ол ашық атап өтеді.

«Екі жылдың ішінде біраз инвесторларды Жамбыл өңіріне қайтардық. Жамбыл өңірінде жұмыс істеп, пайда тапқанымен, басқа өңірлерге тіркелген ірі кәсіпорындар болды. Осының арқасында ішкі табысымызды 20-дан 26 пайызға дейін арттырдық. Ол енді бірінші қадамдар», – дейді Ербол Қарашөкеев.

Бүгінде облыстың инвестициялық қоржынында 62 ірі жоба бар. Жылдың аяғына дейін өңірде ірі зауыттар іске қосылады. 62 инвестициялық жобаның ішінде 26-ның құрылысы бастадлып кеткен.

«Қалған 36 жобаның да іске асатынына ешбір күмән жоқ», – дейді Ербол Қарашөкеев.

Оның сөзінше, Жамбыл облысы дотациялық өңір имиджінен біртіндеп алыстап, жаңа зауыттар, агроөнеркәсіптік кешен нысандары, энергия және химия жобалары арқылы бюджетке салық түсімін көбейтіп, тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған ұзақмерзімді экономикалық стратегияны таңдап отыр.

Фотосуреттердің авторы – Алтынбек Қартабай.

Back to top button