
Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдер басшыларының 12-саммиті өтіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
AZƏRTAC агенттігінің мәліметінше, саммит барысында Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев сөз сөйлеген. Оның айтуынша, бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы жай ғана ынтымақтастық алаңы емес, біртіндеп маңызды геосаяси орталықтардың біріне айналып келеді. Ұйымның халықаралық беделінің артқаны қуантады. Әлиевтің сөзіне қарағанда, түркі елдерін ортақ тарихи және этникалық тамырлар, сондай-ақ ұлттық-рухани құндылықтар біріктіреді.
«Ұйымның қызметін қолдау мақсатында біздің ел ұйым хатшылығына 2 миллион АҚШ доллары көлемінде қайырымдылық аударды», – деді ол.
Әзербайжан президенті қауіпсіздіксіз даму мүмкін еместігін де атап өтті.
«Халықаралық құқық нормалары мен қағидаттары өрескел бұзылып жатқан кезеңде елдеріміз арасындағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық маңызды факторлардың бірі болып отыр. Осы тұрғыда Түркиямен терең әріптестік орнаған. Тек соңғы жылдың өзінде ғана Түркиямен 25-тен астам екіжақты және көпжақты әскери оқу-жаттығулар өткізілді», – деді Әлиев.
«Елдеріміздің қорғаныс, қауіпсіздік және әскери саладағы кең ауқымды ынтымақтастығын ескере отырып, 2026 жылы Әзербайжанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің бірлескен әскери оқу-жаттығуларын өткізуді ұсынамын», – деп мәлімдеді Әлиев.
Президент сондай-ақ 2020 жылғы 44 күндік Отан соғысы мен 2023 жылғы шешуші антитеррорлық шаралар нәтижесінде Әзербайжан өз жерлерінің 30 жылдық оккупациясына нүкте қойғанын атап өтті. «Бұл тарихи жеңіс – елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қалпына келтірудің, ұлттық ерік-жігер мен табанды күрестің нәтижесі. Сонымен қатар ол өңірдегі әділдік, бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға қосылған маңызды үлес болды» дейді ол.