«Храпунов бізге ақшамызды бермей кетті» – Үркер тобының әншісі

Үркер тобының әншісі Айдос Сағат Виктор Храпунов Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезіндегі бір оқиғаны есіне алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
“Тоқсаныншы жылдардың ортасында Республика күніне орай концерт бердік. Алдыңғы қатарда сол кездегі әкім Храпунов отырды. Республика күніне орай “Менің Қазақстаным” әнін шырқауымыз керек болды. Ол кезде үкіметтік концерттердің бәрі де фанерамен айтылатын. Ешкім ешқандай артық әңгіме айтып қоймас үшін сондай талап қоятын. Бірақ сол кеште дыбыс режиссері басқа әндерді қойып, шатаса бастады. Қайта-қайта айғайлап, әнді ауыстырумен болдық. “Витя, ол ән емес” деп бірнеше рет айғайладық. “Витя” деп айғайлаған сайын Храпунов бізге жалт қарайды. Күлкілі жағдай”, – дейді ол жеке парақшасында.
Ақыры концерт біткен соң арада көп өтпей әкімдіктен әншілерге “қаһарлы хат” келеді. Ол хатта “осылай концертті құрттыңдар, сол үшін біз сендерге гонорарларыңды төлемейміз” деген хат келген.
Виктор Храпунов 1997 жылдың маусымынан 2004 жылдың маусымына дейін Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған.