Home Credit Bank-ты ForteBank-қа қосу мәселесі 2026 жылы қаралатын болды
Мұның алдында акционерлер жиналысы тамыздан қазан айына шегерілген болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Bes.media-ға сілтеме жасап.
КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛГЕН КЕЗДЕСУ
Болат Өтемұратовқа тиесілі ForteBank акционерлерінің кезектен тыс жиналысы биылғы 29 қазаннан 2026 жылдың 26 ақпанына дейін кейінге қалдырылды. Онда Home Credit Bank-ті қосу туралы мәселе қаралуы тиіс болатын.
Жиналыс кейінге шегерілгенімен, күн тәртібі өзгеріссіз қалды. Онда екі негізгі мәселе қаралады:
- ForteBank-ті Home Credit Bank-пен қосу арқылы қайта ұйымдастыру;
- Home Credit Bank-ті ForteBank-ке қосу туралы шарт жобасын мақұлдау.
Айта кетейік, бұл жиналыс бұған дейін де 14 тамыздан 29 қазанға ауыстырылды.
Бұдан бөлек, 3 қараша күні Home Credit Bank атауын өзгерту және директорлар кеңесі құрамына қатысты болуы мүмкін өзгерістер туралы шешім қабылдайды.
АГЕНТТІҢ САТЫП АЛУҒА РҰҚСАТ БЕРДІ
Чехиялық PPF Group тобына тиесілі Home Credit Bank-тің сатылуы мүмкін екендігі туралы ақпарат биыл сәуір айында «Ручная экономика» Telegram-арнасы алғаш болып хабарланған еді.
Ал маусым айында бұл мәліметті кәсіпкер Болат Өтемұратовқа тиесілі банк ресми түрде растады.
Қыркүйекте Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Өтемұратов пен оның құрылымдарына Home Credit Bank-ті сатып алуға рұқсат берді. Ал қыркүйек айының соңында ForteBank ресми түрде Home Credit Bank-тің дауыс беруші акцияларының 10 пайызынан астамына ие акционерлер тізіміне енді. Қаржылық есептілік депозитарийінің 18 қыркүйектегі дерегіне сәйкес, ForteBank-тің үлесі 26,8% болды.