Британдық The Times басылымы хабарлауынша, Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) келер жылы трансгендер спортшылардың әйелдер жарыстарына қатысуына ресми тыйым салатынын жариялауы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
“ДӘЛЕЛДІҢ БАРЛЫҒЫ НАҚТЫ”
Өткен аптада Лозаннада ХОК-тың медицина және ғылыми мәселелер жөніндегі комитетінің басшысы Джейн Торнтон арнайы ғылыми зерттеу нәтижелерін таныстырды. Соған сәйкес, комитет басшысы еркек болып туған трансгендерлердің физикалық артықшылықтары тестостерон деңгейін төмендететін препараттарды қолданса да, сақтала береді.
– «Презентация ғылыми, фактқа негізделген және эмоциясыз өтті. Дәлелдің барлығы нақты және айқын көрсетілді», – деді The Times газетіне дереккөз.
2021 жылы ұлты неміс Томас Бах басқарған ХОК халықаралық федерацияларға мұндай спортшыларды Олимпиада жарыстарына қатыстыруға құқық берген. Сол себепті Париждегі 2024 жылғы Олимпиадада дау туындады: бокстан чемпион атанған Иман Хелиф (Алжир) пен Линь Юйтин (Тайвань) еркек хромосомалары бар деп айыпталды, сонымен бірге олардың физикалық артықшылықтары да сынға ұшырады.
ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗЕ МЕ
Осы оқиғадан кейін World Athletics және World Aquatics сияқты кейбір халықаралық федерация әйелдер жарыстарына жыныстық дамуы бұзылған спортшылардың қатысуын факті жүзінде шектеді.
2025 жылғы маусымда ХОК-тың жаңа президенті, Зимбабведен келген Кирсти Ковентри аталған зерттеулерді басшылыққа алды. Зерттеу нәтижелері алынған соң, The Times-тың хабарлауынша, ХОК-тің трансгендер спортшылар мен оларға ұқсас санаттағы спортшылардың Олимпиадаға қатысуына жол бермеу ықтималдығы жоғары.
Жаңа ережелерді жыл соңына дейін ХОК заңгерлері толық заңдық тұрғыдан кемел етіп рәсімдеуі тиіс.