Ерекше

Хасан Қасымбаевқа үкім шықты

Алматы облысының Талғар аудандық соты БАҚ-та “Хуторлықтар” ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі деп аталған Хасан Қасымбаевқа үкім шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЖАЗАСЫН ҚАЙДА ӨТЕЙДІ

Сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және қорқытып ақша бопсалағаны үшін кінәлі деп таныды. Айыптардың жиынтығы бойынша ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады.

Соңғы сөзінде Қасымбаев өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтып, істің қолдан жасалғанын алға тартты. Ол соттан өзін қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады. Алайда сот оның уәждерін негізсіз деп тапты.

Мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыруды, ал басқа айыпталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейін жаза тағайындауды сұраған болатын.

АЙЫПТАЛУ СЕБЕБІ

Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылдың жазында Талғар қаласында айыпталушылар аралас жекпе-жек шебері әрі жаттықтырушы Арман Алимовқа шабуыл жасап, ұрып-соғып, Кендала ауылының сыртына алып кеткен. Тергеу дерегі бойынша, бұған Әлімовтың “Қасымбаев мен үшін “авторитет” емес” деген сөзі себеп болған. Бұны естіген Хасан Қасымбаев оған “сабақ беруге” шешім қабылдап, серіктерін көмекке шақырған.

Осы іске қатысты 2021 жылы үш адам – С.А., Д.А. және М.К. – бұзақылық бабымен сотталған еді. Кейін тергеу қайта жанданып, оған тағы екі күдікті – Р.А. және Н.С. қосылды. 2024 жылы барлығы бес адамға үкім шықты. Ал сол жылдың қарашасында жаңадан ашылған деректерге байланысты іс қайта қаралып, алтыншы күдікті ретінде Хасан Қасымбаев қамауға алынды.

Екінші эпизод кәсіпкер Әріпжан Тажиевтен ақша бопсалауға қатысты. Тергеу нұсқасы бойынша, Қасымбаев пен оның серіктері кәсіпкердің дәріханасы үшін “қорғау ақысын” талап етіп, Тажиевті ұрып-соғып, есінен тандырған. Кейін одан бір миллион теңге талап еткен.

ХАСАН ҚАСЫМБАЕВ ДЕГЕН КІМ

Талғар тұрғындары Қасымбаевты “Хуторлықтар” атты ұйымдасқан топ жетекшісі дейді. Оның есімі 16 жастағы Шерзат Полат (Болат) ажал құшқан резонансты қылмыстан кейін жиі атала бастады. Қоғамда жасөспірімнің өліміне күдіктілер осы топтың мүшелері болуы мүмкін деген пікір тараған.

Алайда мұндай ұйымдасқан топтың нақты бар екені дәлелденбеді. ІІМ мен прокуратура өкілдері бұл ақпаратты 2024 жылы ресми түрде жоққа шығарған. Сол жылы қазан айында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов брифинг кезінде: “Бізде ‘Хуторлықтар’ деген қылмыстық топ ресми есепте тұрған жоқ,” деген болатын.

Дегенмен, Хасан Қасымбаев 2024 жылғы 5 қарашада қамауға алынды. Бірақ оған ұйымдасқан қылмыстық топ құру немесе басқару бабы бойынша айып ресми түрде тағылған жоқ. Алматы облыстық прокуратурасы мәліметінше, Қасымбаев пен өзге де айыпталушыларға қатысты тергеу 2025 жылғы 28 наурызда аяқталған.

Back to top button