Ерекше

ХАМАС Израильге ажал құшқан тағы төрт тұтқынның денесін жіберді

ХАМАС әскерилері тапсырған тұтқындардың мәйіттері Тель‑Авивтегі сот‑медициналық орталығында сәйкестендірілетін болады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Газада радикалдар Израильмен ынтымақтастық жасады деп айыпталған бірнеше адамды өлім жазасына кескен, деп хабарлайды Tizgin.kz lrt.lt-ға сілтеме жасап.

МӘЙІТТЕРДІ СӘЙКЕСТЕНДІРУ ҚАЖЕТ

Палестиналық радикалды исламшыл қозғалыс ХАМАС Израильге қаза болған тағы төрт тұтқынның денесін тапсырды. Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мен Жалпы қауіпсіздік қызметі (ШАБАК) өкілдерінің бақылауымен төрт тұтқынның мәйіті салынған табыттар шекарадан өтіп, Тель-Авивтегі Ұлттық сот-медициналық сараптама орталығына жеткізілуде. Онда қаза тапқандарды танып, сәйкестендіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы Израиль қарулы күштері 14 қазан, сейсенбі күні кешке ресми түрде хабарлады. Қорғаныс әскерінің (ЦАХАЛ) өкілдері көз жұмған тұтқындардың отбасыларына қолдау көрсету мақсатында олармен бірге жүр.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, мәйіттердің берілуі Израиль билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың жоспары аясындағы келісімдер орындалмаса, Газадағы гуманитарлық жүк көліктерінің санын екі есе қысқартатынын жариялағаннан кейін жүзеге асты.

Газада көз жұмған 28 тұтқынның денесі қалған еді. 13 қазан күні кешкісін ХАМАС алғашқы төрт мәйітті Израиль тарапына тапсырды. Сол күні таңертең сектордан тірі қалған 20 тұтқын босатылып, Израильге қайтарылған-тын. Қазір Газада тағы 20 мәйіт қалған.

Times of Israel басылымының хабарлауынша, ХАМАС 15 қазанда тағы төрт тұтқынның денесін қайтаруға уәде берген.

REUTERS НЕ ЖАЗДЫ

Бұған қоса, Reuters жазуынша, ХАМАС Газада бақылауды қайта орната бастағанын көрсетті. Көшелерде жүздеген содыр жүр, Израильмен ынтымақтастық жасады деп айыпталған бірнеше адам өлім жазасына кесілген.

АҚШ президенті ХАМАС‑қа қарудан бас тартпаса, оларға әскери күш қолданылуы мүмкін екенін айтып сес көрсетті.

«Егер олар қаруларын тастамаса, оны күшпен істеткіземіз. Бұған көп уақыт кетпеуі мүмкін, күш қолданамыз», — деді Трамп Иерусалимдегі Кнессетте сөйлегеннен кейінгі күні Ақ үйде.

Израиль премьер‑министрі Биньямин Нетаньяху “ХАМАС қашан қаруын тастайды?” деп әліптің артын бағып отыр. Егер олар Газадағы бақылауды бермесе, соғыс ұзаққа созылатын көрінеді.

Back to top button